Бизнес және экономика

Аққайың ауданында “Бастау Бизнес” жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

Аққайың ауданында “Бастау Бизнес” жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында 135 адам білім алыпты. Бүгінгі күні олардың 24-і өздерінің жеке кәсіптерін ашқан.

Бүгін Аққайың ауданының орталығы Смирново селосында сауда үйінің таспасы кесіліп отыр. Жаңа нысан жас кәсіпкер Дарья Каргаполова тиесілі. Жерлесіміз мұндай үлкен дүкенді мемлекеттік қолдаудың көмегімен ашыпты. Нақтырақ айтар болсақ, “Бизнес Бастау” жобасы аясында 1 ай көлемінде білім алып, несие рәсімдеген.

Дарья Каргаполова – “Каргаполова” ЖК директоры, Аққайың ауданы:

– Мен “Бизнес Бастау” жобасы аясында оқып, сертификат алдым. Кейін маған мемлекет 6 пайыздық үстемеақымен 60 айға 6 млн теңге несие берді. Міне, осы ақшаға өзімнің дүкенімді аштым. Мұнда енді киімнің 30-дан аса түрі сатылады. Тауарды Қырғызстан, Ресей мен Қытайдан әкелеміз. Ғимараттың жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды.

Нысанда кез келген жастағы адамға керектінің бәрі бар. Дүкеннен әйелдер мен ерлердің курткасы, бас киімдер мен қолғаптардың түр-түрі табылады. Оған қоса жемпір, шалбар сияқты дүниелер де толып жатыр. Бастысы, бұл тауарлардың бағасы қалтаны аса қақпайды. Мұны сатып алушылар да байқапты. Олар аудан орталығында осындай сауда орнының ашылғандығына дән риза.

-Осы жерге келіп киім алатын боламыз. Киім көп екен.

– Қолғап алдым. Бағасы аса қымбат емес. Смирновода мұндай дүкен ашылғанына өз басым қуаныштымын.

Дүкеннің ашылуымен 5 адам жұмыс тауып отыр. Олардың орташа айлық еңбекақылары 45-50 мың теңгені құрайды.

Жақында бұл сауда үйінің аумағы кеңімек. Нысанның екінші залында кәсіпкер Дарья Каргаполованың туған әпкесі Анастасия Тубис те өзінің жеке дүкенін ашуды жоспарлап отыр. Онда нәзікжанды күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды сатпақ. Яғни, ыдыс-аяқ жууға арналған ысқыштар, тамақ салатын контейнерлерді саудалайтын болады. Айта кетейік, Анастасия да “Бизнес Бастау” бағдарламасы бойынша білім алыпты.
Бұл жобаның тиімділігін аққайыңдық жас фермер Алтынбек Мәженов те пайдаланған. Азамат мемлекет көмегімен несие рәсімдеп, қара мал сатып алған. Зеңгі баба төлінің саны 4 басты құрайды.

Алтынбек Мәженов – “Мәженов” ЖК директоры, Аққайың ауданы:

– Ауыл шаруашылығы қолдау қорынан 4 млн теңге несие алдым. Ақшаға 4 бас сиыр алдым. Шөп-жем алдым.

Алтынбектің алға қойған жоспары айқын. Ол жақында сиырлардың санын 14-ке жеткізбек. Кейін сүт, қаймақ сатып, бизнеспен айналысқысы келеді. Жалпы, жыл басынан бері “Бизнес Бастау” бағдарламасы бойынша Аққайың ауданының 135 тұрғыны оқудан өткен. Бүгінде олардың 24-і жеке кәсіптерін ашып отыр.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері:

– Бүгінгі таңда “Бизнес Бастау” бойынша аққайыңдық 20 адам оқып жатыр. Оқыту қараша айында аяқталады.

Көбінесе аққайыңдықтар мал шаруашылығымен және сауда-саттықпен айналысуға ниет танытады екен.

 

Култанов Байболат