Құқық қорғау органдары

Жыл басынан облыс бойынша 632 заңсыз аңшылық фактісі орын алды

Өңірде заңсыз аң аулау фактілері азаяр емес. Соңғы оқиға Жамбыл ауданының Благовещенка ауылының маңында орын алған. Қазір осы елді-мекеннің тұрғындары 4 сібір елігін рұқсатсыз атты деп айыпталуда. Жалпы, жыл басынан облыс бойынша осындай 632 браконьерлік фактісі тіркелген.

Мына суреттерде 6 маралдың өлі денелерін көруге болады. Оларды оқиға орын алған қазанның 19-ында тәртіп сақшылары түсіріп алған. Заңбұзушылар көп ұзамай анықталды. Олар – Петропавл қаласының 3 тұрғыны болып шықты. Сезіктілердің марал атуға рұқсат беретін құжаттары болмаған. Осылайша, олар мемлекетке 4 млн. теңгенің шығынын келтірді. Енді күдіктілер ҚР Қылмыстық Кодексінің 337 бабының 4-ші бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылып, 5 мың АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Көп ұзамай дәл осындай жағдай Жамбыл ауданының Благовещенка ауылының жанында қайталанды.

Сергей Липко – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы:

– Қазанның 26-сы күні Благовещенка ауылының маңынан 4 сібір елігінің бастары мен терісі табылды. Тексеріс нәтижесінде бұл оқиғаға сол елді-мекеннің 2 тұрғынының қатысы бар екені анықталды. Олардың аңшылық құжаттары болмаған. ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша браконьерлер 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Жалпы, жыл басынан облыс бойынша 632 құқықбұзшылық орын алса, соның 76-на байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ал, 556 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кеткен жөн, қарашаның 1-нен өңірде қысқы аңшылық маусымы басталады. Осыған орай желтоқсанның 31-не дейін қарсақ, түлкі сияқты жыртқыш аңдарлы және қоян аулауға, ал, ақпанның 15-не дейін құс атуға рұқсат етіледі.

 

Молдир Шаяхмет