Спорт

Тұрмыс деңгейі төмен балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті

Бүгін тұрмыс деңгейі төмен балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Қаламыздың 4 білім ошағының 30-ға жуық оқушысы Александр Винокуров атындағы спорт сарайының мұз айдынында тегін коньки теуіп, көңілдерін көтерді.

Мөлдір Шаяхмет – тілші:

– Коньки тебу – балалардың сүйікті істерінің бірі. Себебі, олар мұз айдынында уақыттарын көңілді, әрі тиімді өткізе алады. Мұндай тамаша мүмкіндік бүгін қаламыздың 4 білім ошағының оқушыларына түсіп отыр.

Мұз айдынында коньки тебуге қазақ мектеп-гимназиясының, 23-і, 14-ші және 10-шы мектепттердің оқушылары жиналған. Олардың көпшілігі – тұрмыс деңгейі төмен отбасылардан шыққан балалар. Балғындар мұнда тегін сырғанап, конькиді тегін жалға алған. Игі шараны жастар бастамалары орталығы мен спорт сарайының басшылығы бірлесіп өткізуде.

Зарина Қожанова – СҚО жастар бастамалары орталығы бөлімінің жетекшісі:

– Мұндай жиындарды “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында жиі өткізіп тұрамыз. Бүгін 30-ға жуық бала коньки тебуге келді. Бұл – жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануларына септеседі деген ойдамын.

Мұнда тіпті коньки тебу білмейтіндер үшін арнайы шеберлік сағаты қарастырылған. Қалғандары мұз айдынында мәз-мейрам болып сырғанап жүр. Солардың қатарында қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Әділет Душанбе де бар. 16 жасар жасөспірім осындай шараның өтіп жатқанына дән риза.

Әділет Душанбе – қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Осындай іс-шараларға қатысқанды ұнатамын. Оған мені мұғалімдерім шақырды. жалпы, маған коньки тебу ұнайды.

Бүгін балалар коньки теуіп, бір сергіп қалса, қарашаның 2-сі күні тағы 30 балғын боулингтен ұйымдастырылатын турнирге қатыспақ.

 

 

Молдир Шаяхмет