Мәдениет

Петропавлда суық қару-жарақ көрмесі ашылды

Абылай хан резиденциясы мұражай-кешенінде дамаск болатынан жасалған суық қарулардың көрмесі ашылды. 1 айға жалғасатын шарада жергілікті “Лига” серіктестігі 40 шақты қару-жарақ түрін ұсынады.

Дамаск болатынан жасалған авторлық суық қарулар көрмесі Абылайхан резиденциясы мұражай кешенінде алғаш рет өткізілуде. Танымдық шараға шаһардың зиялы қауымы, аға буын өкілдері мен колледж студенттері қатысуда.

Жұршылық назарына ұсынылған мына суық және кәдесый қарулары “Лига” серіктестігінде арнайы тапсырыспен жасалған. Кәсіпорын 18 жылдан бері қару-жарақтың 60-қа тарта түрін шығарып келеді. Бүгінгі шарада соның 40 шақтысын дүйім жұрт қызықтасын деп әкеліп отыр. Мәселен, тақ залының мына бөлігінде қазақтың хан-сұлтандары мен қолбасшыларының қылыштары мен семсерлері ұсынылған.

Виктор Жаворонков – “Лига” ЖШС директоры, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Белгілі бір қару-жарақты жасау қажырлы еңбекті талап етеді. Еліміз бойынша суық қару-жарақ шығаратын серіктестіктер көп емес. Бізге ұқсас Алматы қаласында кәдесый мен қазақ батырларының қаруын жасайтын 1 зауыт бар. Қылыш пен пышақтың күрделілігіне байланысты оны жасауға бірнеше ай кетуі мүмкін.

Қайзы қылыш, ұзынды-қысқалы пышақтар, әскери асатаяқ, қолшоқпар, айбалта. Келушілерді әсіресе шығыс елінің жауынгерлері мен қазақ хандығы кезеңіндегі сарбаздардың қару-жарағы ерекше сүйсіндірді. Қала тұрғындары Нұртас пен Қайнижамал Жүнісовтер бұл көрмеге күзгі демалыста жүрген 2 немересін ертіп келген екен. Қазақтың қару-жарағынан аз да болса хабары бар ағамыз, оны жас ұрпақтың да білгендері артық болмайды, – дейді.

Нұртас Жүнісов – қала тұрғыны, зейнеткер:

– Осында келіп балаларға таныстырайық деп, олар тарихты білулері тиіс. Хан дәуірі кезіндегі қарулар ғой. Қызылжар өңірінде осындай көрменің өтуін бірінші рет көріп отырмын. Кезінде жауға қарсы шыққанда осы қару жарақ көмегімен байтақ елімізді аман алып қалды емес пе.

Жерлестеріміз бен қала қонақтары Дамаск болатынан жасалаған авторлық суық және экспонат қаруларын 1 ай көлемінде тамашалай алады. Көрме жұмыс күндері таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 7-ге дейін өтеді.

Бахыт Садвокасов