Спорт

“Құлагер” құрамасы “Астана” командасын айқын басымдықпен ұтты

Кеше жергілікті “Құлагер” командасы “Астана” құрамасымен қарымта кездесу өткізді. Айдын иелері алдыңғы додадағы жеңісін қайталалап, елордалықтарды 6-да 2 есебімен қапыда қалдырды.

«Құлагер» мен «Астана» құрамалары қарымта ойында кездесіп отыр. Алғашқы минуттардан-ақ елордалық клуб хоккейшілері алдыңғы кездесуде жіберген қателіктерін түзететін ниеттерін көрсетуде. Десе де жергілікті құраманың имек таяқ шебері Кирилл Власов ойынның 5-ші минутында қарсылас қақпаға алғашқы шайба салып, есеп ашты.

Астаналық ойыншылар таблодағы ұпай санын теңестіру жолында аянып қалмады. Ол әрекеттері зая кетпей 25-ші нөмірлі Евгений Евсеев бағыттаған шайба діттеген жерден табылып, есеп теңесті. Ал периодтың аяқталуына 2 минут қалғанда құлагерлік шабуылшы ұпайын тағы еселей түсті.

2-ші периодта бапкерлерінен нақты тапсырма алған қос құрама ойыншылары бәсекелестікті арттыра түсті. Тек ол әдістерінен түк шықпай, бір-бірінің қақпаларын торуылдаумен болды. Тәжірибенің аты тәжірибе емес пе, ақыры теріскейлік имек таяқ шебері Федор Хорошев периодтың бел ортасында шайба салып, есепті 3-те 1-ге жеткізді.

Бұл қарқынын құлагерліктер бәсеңдетпеуге тырысып, қарсылатарын қыспаққа алды. Нәтиже де жоқ емес. Құраманың белді ойыншысы Евгений Попитич қорғансыз астаналық қақпашыны тағы қапыда қалдырып, кезекті ұпайды қоржынға салды.

– Астанадан келген хоккейшілер сылбыр ойнап жатыр. Біздің имек таяқ шеберлері тактикалық тұрғыда олардан бір саты жоғары екендігі көрініп тұр. 3-ші периодта таблодағы есеп өзгеруі әбден мүмкін.

Көрермендердің сенімі ақталды да. Ақырғы кездесудің 2-ші минутында Денис Стасюк кезекті шайбаны қақпаға салып, айырмашылықты тіпті арттырды. Алдыңғы кездесудегі есеп қайталана ма дегенде, 8-ші минутта астаналықтар бар күш-жігерлерін салып, әрең дегенде теріскейлік қақпаға тағы бір шайба дарытты. Нәтижесінде 6-да 2-і есебімен кездесу жергілікті құраманың пайдасына шешілді.

Радион Жарких – «Құлагер» ХК қорғаушысы:

– Қарымта кездесуде қарсылас қақпаға шайба салу қиындық тудырмады. Елордалық клуб сапында жас хоккейшілер көп екен. Тәжірибелері әлі де аз. Біздің жігіттер ерледі, қуаныштымын.

Құлагер хоккей клубы мұз айдынындағы келесі ойынын сырт алаңда қарашаның 11-і күні өткізеді. Онда жерлес хоккейшілер алдында ұтылып қалған көкшетаулық «Арланмен» кездеседі.

 

Бахыт Садвокасов