Денсаулық сақтау

Білікті дәрігер тәжірибесімен бөлісті

Жергілікті дәрігер тәжірибесімен бөлісті. Бүгін облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургi Дмитрий Тё М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жастарымен кездесу өткізді. Жиында ақ халатты абзал жан студенттер мен интерндерге ақыл-кеңес беріп, білікті маман атанудың жолын әңгімеледі.

“Онкоскрин” мобильдік қосымшасы теріскейлік білікті рентген-хирург Дмитрий Тё әзірлеген құнды дүние. Оны ұялы телефонға жүктеп, сауалнамаға жауап беру арқылы обыр дертін ерте бастан-ақ анықтауға болады. Сондықтан, бұл қосымшаның теріскейліктер үшін маңыздылығы аса жоғары.

Дмитрий Тё – облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургi:

– Онкоскрин былтыр іске қосылды. Сол кезде қосымшамды әлемдік деңгейдегі конкурсқа қатыстырып, бас жүлде еншіледім. Жаңашылдық жұмысын бастағалы оны 100 мыңнан астам адам жүктеп алды. Араларында сауалнама толтырғандар да бар. Нәтижесінде 4 адамның онкологиялық ауруларға шалдыққаны анықталып, олар дәрігердің қаралуына жіберілді. Жақында осы қосымшаны Оңүстік Кореяда өтетін байқауға апаруды жоспарлап отырмын.

Тағы, жиын барысында дәрігер астаналық әріптестерімен бірге “Денсаулық” қосымшасын да әзірлеп жатқандығын айтты. Ол жоба барлық ауру белгілерін анықтауға арналған екен. Кейін, әңгіме ауаны басқа тақырыпқа ауысты. Нақтырақ айтатын болсақ, рентген-хирург білікті маман атанудың қыр-сырын әңгімеледі. Әсіресе, Дмитрий Тё өзге тілдерді меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Егер де ақ халатты абзал жан бірнеше тілде қатар сөйлесе, оның шет елдерде тәжірибе жинақтауы, ғылыми еңбектер жазуы жеңіл болмақ. Бұны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің 1 курс студенті Бибінұр Бугасова көңіліне тоқып алыпты.

Бибінұр Бугасова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің студенті:

– Бұл кісі бізге мотивация берді. Өзімнің ағылшыншам орта деңгейде. Енді, шет тілін меңгеретін боламын. Ол болашақта өзіміне керек болады.

Айта кетейік, бүгін шараға жергілікті жоғарғы оқу орнының студентерінен бөлек, интерндер де қатысып отыр. Олар Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен ауысып келіпті. Қыз-жігіттер біздегі білім беру сапасы жоғары дейді. Оған қоса, осындай кездесулер тәжірбие жинауға септеспек.

Асыл Баймолда – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің интерні:

– Бұл жақта оқыту деңгейі жоғары. Науқастармен көп жұмыс істейміз. Оның үстіне білікті мамандармен кездесеміз.

Жиын соңында рентген-хирург Дмитрий Тё оқуды енді тәмамдайтын интерндерге практикаға көбірек көңіл бөліп, біліктілікті арттыру қажеттігін айтты.

Култанов Байболат