Құқық қорғау органдары

Петропавлда есірткі сататын сайтты жарнамалаған азаматша ұсталды

Петропавлда есірткі сататын сайттарды жарнамалап жүрген жандар көбейді. Олар үйлердің қабырғасы мен дуалдарға рұқсат етілмеген заттарды саудалайтын интернет парақшаларды жазып жүр. Жақында осындай құқық бұзушылыққа жол берген нәзік жанды ұсталды.

Зиянды заттарды жарнамалап, қолға түскен азаматша 22 жаста. Тергеу барысында оның есірткіге тәуелді екені анықталды. Енді, осы ісі үшін нәзік жанды әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Нақтырақ айтатын болсақ, 10 АЕК айыппұл төлейді, не 10 тәулік қамауға алынады. Қазіргі таңда полицейлер мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.

Дулат Мұхаметрахимов – Петропавл қалалық ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы:

– Біз қаламыздағы ПИК-мен ұдай түрде жұмыс жүргіземіз. Оларға есірткі жарнамалайтын сайт атауының жазылғанын көрсеңіз, бояп тастау қажеттігін айтамыз. Тағы, заңсыз саудамен айналысатын интернет парақшаларды анықтап, департаментке тапсырамыз. Кейін, ведомство мамандары сол сайттарды бұғаттайтын болады.

Бұдан бөлек, полицейлер қаладағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының басшыларымен де кездесіп жатыр. Онда мамандар есірткінің зиянын, қоғамға келтірер залалын түсіндіреді.

Наталья Капустина – “Импульс” балалар-жастар клубының педагог-ұйымдастырушысы:

– Бүгінде жасөспірімдер арасындағы нашақорлық өте өзекті мәселе болып табылады. Міне, осындай залалдан сақтану үшін бас қосып отырмыз. Мұндай жиындардың пайдасы мол. Неге десеңіздер біздер құқық қорғаушылармен тілдесеміз, наркологтан балалармен жұмыс жасау жөніндегі ақыл-кеңес аламыз.

Қазіргі таңда жастардың арасында кең етек жайған синтетикалық есірткінің зияны орасан. Оны тұтынатын жандар бір жылдың ішінде-ақ өз өмірлерін түпкілікті құртады. Айта кетейік, жыл басынан бері теріскейлік полицейлер 1 келіге жуық осындай зиянды затты тәркілепті.

Ешкенова Дана