Билік

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы есептік-сайлау конференциясын өткізді

“Біз сайлауалды уәделерімізді орындап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын бақылауда ұстауымыз керек”. Бұл жайлы “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының 28-ші есептік-сайлау конференциясына қатысқан өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов айтты. Осы жиында филиалдың 2017-2018 жылдары атқарған жұмысы мен бірқатар проблемалық мәселелер талқыланды. Конференцияға өңірге іс-сапармен келген “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко да қатысты.

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалына 40 мыңға жуық теріскейлік мүшелік етеді. Алайда, партия қатарында мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала мамандары басым. Ал шағын және орта бизнес өкілдері мен шаруа қожалықтары иелерінің үлесі өте аз. Тағы, айлық мүшелік жарнаны партия қатарындағылардың 70 пайызы уақытылы төлесе, қалғаны бұл шаруада жауапсыздық танытып отырған көрінеді.

Еркебұлан Баграмов – “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы:

– 2017 жылы облыстық филиал шотына 78, ал үстіміздегі жылдың 9 айында 70 млн. теңгеден астам қаражат түсті. Жетіспейтін сома – 2 млн. 900 мың теңгені құрайды. Жарна бойынша қарызы көптердің тізімін Тимиряз, Қызылжар және Есіл аудандары бастап тұр.

Бірақ, бұл кемшіліктерге қарамастан, партия “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” сынды мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы жолдаулары және 5 әлеуметтік бастамаларын іске асыруды қадағалау бойынша ауқымды шаруа атқарған. Ұйым үнемі жөнделіп жатқан жолдар және салынып жатқан баспаналардың құрылыс алаңдарында рейд шараларын жүргізіп тұрады. Партия жанында қоғамдық кеңес те жұмыс істейді. Оған тұрғындар қоғамдық қабылдаулар кезінде өз базыналарын жеткізе алады. Жыл басталғалы мұнда азаматтар тарапынан 7 мыңнан астам арыз түскен. Олардың 30 пайызы оң шешімін тауыпты.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Біз соңғы екі жылда бірнеше тың жобаны жүзеге асырып үлгердік. Солардың бірі – өңір аумағында ІТ сыныптар ашу. Бүгінге дейін облыс бойынша балаларды сандық технологияларды меңгеруге баулитын 11 ІТ класс ашылды. Тағы 4-уі жуық арада жұмысын бастайды.

2019 – жастар жылы болмақ. “Нұр Отан”-ның жанында “Жас Отан” жастар қанатының теріскейлік филиалы да жұмыс істейді. Бүгінде оның құрамына 10 мыңнан астам жерлес бозбала мен бойжеткен кіреді. Бұл белсенді жастар өңір аумағында бірнеше тың жобаны іске асыруда. Солардың бірі – “English for zhastar”. Оның аясында Қазақстан бойынша 155 ал өңір бойынша 11 ерікті жас ақысыз түрде ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету үшін елді-мекендерге жол тартқан.

Біржан Құдайбергенов –“Жас Отан” ЖҚ Петропавл қалалық бөлімінің жетекшісі:

– Наурыз айында өткен “Жас Отан” ЖҚ 4-ші съезіне қатысқан СҚО делегаттары Рухани жаңғыру, салауатты ұлт, Қазақстанда жасалған, білім, ғылым, инновация, цифрлық Қазақстан секілді ел дамуына қатысты өзекті тақырыптарды талқылап, 100-ге жуық нақты жоба ұсынған болатын. Нәтижесінде “Жаңа әлемге жол саламыз!” атты қорытынды құжат қабылданды. Оны жүзеге асыру бойынша облыс көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.

28-ші есептік-сайлау конференциясына “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко да қатысты. Филиалдың соңғы екі жылда атқарған жұмысына ол оң бағасын берді. Хатшының сөзінше, Петропавл жыл санап гүлденіп келеді. “Нұр Отанның” мұндағы еңбегі мен үлесін ескермеске болмас.

Илья Теренченко – “Нұр Отан” партиясының хатшысы:

– Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс көлемі жыл санап артып келеді. Бұл салаға құйылған инвестициялар көлемі 136 млрд теңгеге дейін жоғарылаған. Мен Петропавлға алғаш рет осыдан 12 жыл бұрын келген едім. Оның қазіргі келбетін көріп, қатты таң қалдым. Әсіресе, оқушылар сарайы таңдай қақтырды. ІТ бағыттағы мұндай кешеннің Қазақстанда аналогы жоқ.

Алдағы уақытта да бұл бағыттан таймай, партиялық бақылауды күшейтіп, мемлекет саясатын қатардағы халыққа түсіндіруге қарқын қосу керек. Бұл тапсырманы филиал төрағасы, өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қойды.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі:

– 2016 жылы партия сайлауалды бағдарламаны қабылдады. Бізге алдағы бес жылда отандастарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін не істеу керек? Онда бәрі жазылған. Біз сайлауалды уәделерімізді орындап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын бақылауда ұстауымыз тиіс.

Конференцияның күн тәртібінде 4 сұрақ қаралды. Жиын соңында 117 делегат 33 адамнан тұратын облыстық филиалдың саяси кеңесін және бақылау-ревизиялық комиссиясының мүшелерін сайлады. “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко кейін Қызылжар ауданына жол тартты. Мұнда мейман Бескөл ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. 30 пәтерлі баспанадағы жұмыстар бүгінде 95 пайызға аяқталған. Мұндағы пәтерлер халықтың әлеуметтік әлжуас тобына ғана берілмек. Сондықтан, бірінші қабаттағы 4 бірдей пәтер арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы салыныпты.

Илья Теренченко – “Нұр Отан” партиясының хатшысы:

– Біздің партиялық бақылау комиссиясы мұндай нысандарды өз қадағалауында ұстайтын болады. Әсіресе, 7-20-25, Нұрлы жер, Нұрлы жол мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуы басты назарға алынған. Осыған орай Қызылжар ауданында бой көтерген баспананың құрылысымен таныстық. Сапасы жақсы. Жақын маңда балабақша, ойын алаңқайы бар екен. Оған қоса, жуырда қазақ мектебі салынады.

Тұрғын үйдің құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында бастау алыпты. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 197 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Қайсар Әмірин – Қызылжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бір бөлмелі пәтерлер. Олардың аумағы 30 және 40 шаршы метрді құрайды. 01-24/37 Қазір мұнда жылу желісі тартылған. Қараша айында кәріз жүйесіне қосамыз.

Жалпы, Қызылжар ауданы бойынша баспана кезегінде 700-ге жуық адам тұр. Олардың 250 шақтысы әлеуметтік аз қамтылған санаттағы тұрғындар болса, тағы 300-і жетімдер екен.

Саят Ермек