Білім

“ЛОРД” мектеп-лицейі ұстаздары мен шәкірттерінің жетістіктері

“ЛОРД” мектеп-лицейінің ұжымы жарады. Аталған білім ошағының мұғалімі Рахат Әзімбаеваның қазақ тілін жеңіл меңгеруді ұсынатын жобасы республикада 2 орынға ие болды. Ал шәкірттер Алматыда астрономия мен физикадан ұйымдастырылған байқаудан күміс жүлдемен оралды.

Рахат Әзімбаеваның “Лорд” мектеп-лицейіндегі еңбек өтілі 20 жылдан асады. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі оқушылардың сапалы білім алуы үшін әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Сол себепті түрлі байқауларға қатысып, өз пәніне жаңашылдықтар енгізіп тұрады. Мәселен, Рахат Әзімбаева “Үздік авторлық бағдарлама” республикалық байқауына қатысып, өзінің жобасында тілді үйренудің оңай жолдарын ұсынған. Байқауға қатысқан 400 ұстаздың 237-і іріктеу кезеңінен өткен. Солардың ішінде жерлесіміздің жобасы екінші орыннан көрінді.

Рахат Әзімбаева – ЛОРД мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Үздік авторлық бағдарламаға” біріншірет 2013жылы қатысқанымын. Онда да екінші жүлделіорынға ие болдым. Биылғы бағдарламамның басты мақсаты орыс мектептерінде қазақ тілін оңай әрі сапалы үйрету.

Бұл білім ошағында ұстаздарынан үлгі алатын оқушылар да аз емес. Мәселен, 17-24 қазан аралығында Алматы қаласында өткен Республикалық «Астротурнир» олимпиадасына біздің өңірден 5 оқушы қатысқан екен. Солардың үшеуі “Лорд” мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары. Турнирге қатысу үшін ең бастысы физика, астрономия және де ағылшын тілін жетік білу қажет екен. Себебі турнирдің жартылай финалы мен ақтық кезеңі ағылшын тілінде өткен. Оқушылардың айтуынша Астротурнир оңайға соқпапты. Себебі олимпиадаға елдің әр түпкірінен келген 16 команданың барлығы мықты әрі білімді оқушылардан жасақталыпты.

Артем Фартыгин – ЛОРД мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы:

– Олимпиаданың тапсырмаларын 1 ай бұрын алып, дайындалдық. Олардың көбі халықаралық байқаулардан алынған. Бірінші кезеңде біз Астана, Ақтөбе және ШҚО-ның оқушыларымен кездестік. Оларды жеңіп, жартылай финалға өттік. Ол жерде Алматы, Бөбек командаларымен сайысқа түстік. Ал, 3 кезеңде ең мықты командалармен бағымызды сынап, білімдерімізді тексердік.

Осылайша, республикалық “Астротурнир” байқауында жерлестеріміз екінші жүлделі орынға ие болған. Ал, бірінші орынды Алматы қаласындағы НЗМ-нің оқушылары еншілепті.

 

Ешкенова Дана