Қоғам

Даяшыларға арналған мастер-класс

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында Петропавлдағы мейрамхана, дәмхана және өзге де көңіл көтеру орындары қызмет көрсету сапасын арттыруға кіріскен. Кейбірі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатса, енді біреулері мамандарын арнайы оқытуға жіберіпті.

Бүгіндері қаладағы қай мейрамхана, дәмхана – жалпы көңіл көтеру орнына бармасаң, ең алдымен оның тамағы, ішкі сәніне емес, даяшылардың қызмет көрсету сапасына назар аударасың. Ал көпшіліктің пікірінше, олардың жұмысы көңілден шықпайды. Өйткені, көп жағдайда бұл қызметті қосымша табыс табуды көздетйін студенттер атқарады. Сондықтан кадрлар тұрақтамайды. Бұл жағдайды түзететін кез келді дейді, облыстық рестораторлар мен отельерлер ассоциациясының өкілдері. Сондықтан олар даяшы, бармендер мен әкімгерлер үшін мастер-класс ұйымдастырыпты. Ал оны 22 жылдық тәжірбиесі бар Елена Лукашова өткізуде.

Елена Лукашова – тренер:

– Қонақ мекемеге кіргеннен бастап даяшылар мен қызмет көрсетуші персонал олардың көңілін табуы тиіс. Яғни, бекітілген барлық әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсету қажет. Үстелде тұратын ыдыс-аяқ, берілетін астың барлығы осы кісілерге байланысты. Сондықтан мейман ғимараттан шыққанша дейін оған сыпайылықпен қараған жөн. Әрине қаламызда бұл салада кем-кетіктер бар. Тіпті Астана қаласындағы кей мекемелердің өзінде қызмет көрсету ақсайды. Десе де, жұмысты жақсартуға ұмтылу қажет.

Көш жүре түзеледі. Сондықтан бүгіндері шыныменде жағдайды реттейтін кез жетті. Оның үстіне жуық арада шаһарымызға көптеген меймандар келеді.

Сайран Хамзин – СҚО рестораторлар мен отельерлер ассоциациясының төрағасы:

– Форумға келетін меймандарды қаладағы барлық мекемелер қарсы алатын шығар. Сондықтан дайын болу керек. Десе де, біздер 30 шақтысын таңдап қойдық. Олар арнайы параметрлер бойынша іріцктеліп алынды. Бірақ қонақтар өзге орынға барамыз десе қарсылық білдіре алмаймыз. Сол себепті жерге қарап қалмау маңызды. Меймандар қарашаның 1-і мен 10-ы аралығында қалада болады. Осы аралықта біздер әр күнге арнап бағдарлама құрдық. Ұлттық тағамдар, әр мейрамхананың өзіне тән ас әзірленетін болады. Сондықтан қалаға келушілер өздері қалаған мәзірді таңдай алады.

Жалпы бүгіндері облыс орталығында 125-ке жуық тамақтанатын мекеме бар. Солардың 90-ға жуығы мейрамханалар мен дәмханалар екен.

 

Магжан Ахмадина