Балалар

Жерлес әнші республикалық конкурсқа жолдама алды

Теріскейлік жас әнші республикалық конкурсқа жолдама алды. Облыс орталығында өткен “Ақ желкен” байқауының іріктеу кезеңінде Дариға Сабитова бас жүлдені қанжығасына байлапты. Енді дарын иесі Алматы қаласында өтетін финалға дайындық үстінде.

Бұл жаттығулардың барлығын Дариға Сабитова 5 жыл ішінде жіті меңгеріп алған. Алайда, оларды күнделікті қайталамастан, ән айтуды бастамайды. Дауыс пен демді шынықтырудың қаншалықты маңызды екенін жас әнші жақсы біледі. Әсіресе, қазір ол дайындықты күшейткен. Себебі, алда республикалық конкурс тұр. Дариға қазанның 20-сы іріктеу кезеңнен сүрінбей өтіп, гран-при жеңіп алыпты. Енді алматылық сахнада өнер көрсетпек. Бұның барлығы бірнеше жылдық еңбек пен өз ісіме деген сүйіспеншіліктің арқасы дейді жеткіншек.

Дариға Сабитова:

– Мен екі жасымнан бері ән айта бастадым. Жеті жасымда вокал студиясына бардым. Ән айтқан кезде ерекше ләззат аламын.

Дариғаның дарынын байқап, өнерге деген алғашқы қадамын жасауға ұстазы Ботагөз Маметова қолғабыс еткен.

Ботагөз Маметова – «Айналайын» ансамблінің жетекшісі:

– Дариғаның диапазоны кең. Бүгінгі жетістігіне жауапкершілдігінің арқасында жетіп отыр. Түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Оған артып отырған үмітім зор. Қазір репертуарын бірігіп құраймыз. Дауысының мүмкіндіктері зор болғандықтан, күрделі әндерді таңдап жатырмыз.

Бүгінгі таңда Дариғаның репертуарында 20 шақты ән бар. Жеткіншек қазақша, орысша немесе ағылшынша деп талғамайды. Дегенмен, шетелдік туындыларды ерекше ынтамен орындайтын көрінеді.

Дариғаның ән айтуға деген махаббаты кішкентай кезінен оянды дейді анасы.

Гуля Ескакова – Дариғаның анасы:

– Кішкентайынан оған бесік жырын айтатынмын. Менің әндерімді тыңдап өсті. Тілі шыға бастағаннан кейін оның да осындай қабілетін байқадым. Сондықтан, вокалға беру керек деп шештім. Бүгінде әр жетістігіне балаша қуанамын. Байқауларға бірге барып, аналық қолдауымды көрсетуге тырысамын.

Қазір Дариға музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде оқиды. Болашақта өзін кәсіби әнші ретінде тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танытпақ арманда.

Эльмира Садвокасова