Спорт

Петропавлда аулалық клубтар арасында шағын футболдан турнир өтті

Петропавлда аулалық клубтар арасында шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа қаламыздың түрлі аудандарынан 7 команда қатысты.

Жасыл алаңда – “Адмирал” және “Заречный” құрамалары. Жас футболшылар турнирдің бірінші минуттарынан-ақ тартысты ойын көрсетуде. “Адмирал” командасының спортшылары қарсылас қақпаны дәл көздеп, қарқынды шабуылдар жасауда. Солардың бірі – Алексей Сорокин. Оның “Адмирал”-дың құрамына қабылданғанына 3 жыл болған. Айтуынша, доп тебуге кішкентай кезінен әуес екен. Үнемі ауладағы балалардың басын қосып, футбол ойнауды жақсы көреді.

Алексей Сорокин – “Адмирал” құрамасының ойыншысы:

– Осындай турнирлерге жиі қатысып тұрамын. Құрамада 10 ойыншы бар. Оның бесеуі негізгі топта ойнайды. Бүгінгі ойында біздің құрама жеңіске жетеді деген ойдамын.

“Мяч” жастар қоғамдық бірлестігінің осындай турнир ұйымдастырудағы мақсаты – балалардың спортқа деген ынтасын арттыру.

Жарысқа биыл 7 команда қатысып жатыр. Атап өтерлігі, осындай аулалық құрамалар арасындағы сайысқа 17 жылдың ішінде 2 мыңнан астам жасөспірім атсалысқан.

Вячеслав Гуменный – “Мяч” жастар қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Мұндай ойындар әр ай сайын өтіп тұрады. Ойыншылар жақсы ойын көрсетіп жатыр. Балалардың жас ерекшелігі 10-нан 18-ге дейін. Қуантарлығы, жыл сайын аула футболына қатысамын деушілердің саны артып келеді.

Жарыс қорытындысы бойынша спортшылар кубок және мақтау қағаздырамен марапатталмақ. Ал, ең үздік құрамаға доп сыйға тартылады.

Ешкенова Дана