Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл-Қорған бағытындағы тас жол жөнделіп жатыр

Бүгінде солтүстікқазақстан облысы мен РФ Қорған өңірін байланыстыратын тас жолдың 60 шақырымы жөнделіп жатыр. Бұл уақытқа дейін республикалық маңызға ие трассадағы жұмыстың шамамен 50 пайызы еңсеріліпті. Атқарылған шаруаның барысымен Нұр Отан партиясының өкілдері танысты.

Петропавл-Қорған бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары өткен жылдың көктемінде басталды. Сол уақыттан бері “К-Дорстрой” АҚ мамандары біраз шаруаның басын қайырыпты. Нақтырақ айтатын болсақ, кәсіпорын өкілдері қалыпқа келтірілуі тиіс 60 шақырым трассаның, 28 километріне асфальт төсепті.

Александр Русаков – “К-Дорстрой” АҚ техникалық директоры:

– Жоспарланған жұмыстың шашамен 50 пайызы тындырылды. Бірінші учаскеде 16, ал екінші аймақта 12 шақырым жол жөнделді. Тағы, екі жақ трассаны бөліп тұратын қоршау мен 50 су өткізгіш құбыр қойылды. Бұдан бөлек, жақында жарық бағаналары орнатылады. Жалпы, бұл істерді жүргізуге бізге 27 млрд теңге бөлінген болатын. Қаржының жартысына жуығын игердік.

Жарық бағаналары 5 шақырым жол бойына орнатылмақ. Шамдар жақын күндері іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бүгін жұмыс барысымен және ақшаның игерілуімен нұротандықтар танысты. Жергілікті және астаналық партия өкілдері тындырылған іске оң бағаларын беріп отыр.

Асан Сағадиев – Нұр Отан партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау қызметінің басшысы, Астана қаласы:

– Жұмыс жүргізіліп жатқандығын барлығымыз көріп тұрмыз. Бастысы – шаруа белгіленген уақыттан кешікпей тындырылуда. Бұл өте жақсы. Трассаның сапасы да көңіл қуантады. Енді, осы қарқыннан таймайды деп ойлаймыз. Алда атқарылатын іс те үнемі партиялық бақылауымызда болады.

Бұған дейін партиялық бақылау қызметінің өкілдері Қарағанды облысында болып, ондағы жол жөндеу жұмыстарымен танысқан. Нәтижесінде нұротандықтар бірқатар олқылықтарды анықтап, жауапты компания басшылығына шағым жасапты. Бұдан соң трасса қайтадан қалыпқа келтірілген екен. Айта кетейік, Петропавл-Қорған бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары келесі жылдың соңында аяқталады.

 

Култанов Байболат