МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Азия және Пара Азия ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия және Пара Азия ойындарында ел мерейін асырған солтүстікқазақстандық спортшылармен облыс әкімі Құмар Ақсақалов кездесті. 8 бірдей медальді қанжығаға байлаған жерлестерімізге өңір басшысы ақшалай сыйақыларын табыстады.

Индонезияның Джакарта қаласында өткен ХVIII Азия ойындарына 13 мың спортшы қатысты. Дүбірлі додаға ел намысын қорғау үшін 12 солтүстікқазақстандық спортшы да аттанған болатын. Солардың қатарында – Алексей Луценко бар. Атақты жерлесіміз командалық және жеке жарыста алдына жан салмай, байрақты бәсекеде ел қоржынына қатарынан 2 алтын медаль салды. Сөйтіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алексей Луценко Азияның үздік велошабандозы атанды.

Алексей Луценко – ХVIII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы:

– Спортты дамыту үшін өңірде біраз істер тындырылып жатыр. Ол қуантарлық жайт. Жаңа әлеуметтік нысандар тұрғызылуда. Облыс ортальығында теннис корты, спорт сарайылары бар. Олар спортпен шұғылданамын деугендерге үлкен қолдау болмақ.

Ал жеңілатлет, Азия ойындарының 4 дүркін жүлдегері, спортқа қайта оралған Маргарита Мукашева Джакартадан күміс медальмен оралды. Сөйтіп, баласы бірге енді ғана толған Маргарита жоғары нәтиже көрсеткен. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұны ерлікке теңеді.

Маргарита Мукашеваның айтуынша, бұл күміс медаль – алтынға пара-пар. Өйткені, сәбиін жақында дүниеге әкелген спортшы қайтадан қалыпқа келу үшін біраз күш жұмсаған. Нәтижесінде, 800 метрді 2 мин 2 секундта бағындырыпты.

Маргарита Мұқашева – ХVIII жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері:

– Жақындарың, достарың сенім артқанда, жаттықтырушың қасыңнан табылып, көмегін аямағанда бәрі де қолыңнан келеді. Тек жеңіске деген сенім болу керек.

Азия ойындарында 2 қола жүлдені Артем Захаров және біреуін жеңіл атлет Михаил Литвин еншіледі. Ал пара Азия ойындарына қатысқан 47 жастағы Сергей Харламов ұзындыққа секіруден қола медальды жеңіп алды. Үшінші тұғырдан тағы бір жерлесіміз ядро лақтырушы – Иван Залезняк көрінді.

Иван Залезняк – III жазғы пара Азия ойындарының жүлдегері:

 – Қарсыластар мықты болды. Мен басында 4-ші келе жаттым, толқыдым, әрі күн қатты ыстық болды. Кейін, өзімді қолға алып, үшінші орынға шықтым.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ел намысын қорғап, Индонезия төрінде көк туымызды желбіреткен спортшыларға алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл сіздердің талмай еңбек етіп, күн-түн демей жаттығу жасағандарыңыздың арқасы деп білемін. Соңғы кездері спорт саласына деген қолдау мығым. Оны өздеріңіз де білесіздер.

Азия ойындарында жақсы көрсеткішке қол жеткізген спортшылар Құрмет грамоталары және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жүлдегерлердің жаттықтырушылары да сыйақыға ие болды.

 

 

Магжан Ахмадина