Балалар

Қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында монтессори кабинеті ашылды

Ерекше балаларға – ерекше ықылас. Қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында монтессори кабинеті жұмысын бастады. Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балғындар білім алатын болады.

Бір қарағанда бұл әдеттегі ойын бөлмесі. Алайда, кабинет ерекше балаларға арналып жабдықталған. Бүгіннен бастап мұнда мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер тәлім-тәрбие мен білім алатын болады.

Тың оқыту жүйесі балғындардың ұсақ маторикасын дамытуға бағытталған. Дегенмен, «сабақтар» үстел басында отырып емес, қолда барды пайдалану арқылы жүзеге асады. Бұл ретте мамандардың сөзінше, арнайы ойыншықтармен қатар, қарапайым қасық пен бір стакан суды да қолдануға болады. Себебі, бұның барлығы қоршаған ортаны танып-білуге септеседі екен.

Татьяна Портнягина, Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әдіскері:

– Мұнда балалардың дағдыларын дамытуға қажеттінің барлығы бар. Құрылғылардың көмегімен балғындар түстерді ажыратып, фигура атауларын жаттайды. Сондай-ақ, арнайы кинетикалық құмды да пайдаланамыз. Ол арқылы балғынның ұстау, саусақтары арқылы сезу қабілетін дамытуға болады.

Балғындардың бар зейіні мына ойыншықтарда. Бірі фигураларды ажыратып, бірі ілініп тұрған құлыптарды ашып әлек. Олар жаттығулардың қайсысын болмасын ерекше ынтамен орындауда. Сәтті атқарылған іске бәрінен бұрын жеткіншектердің өздері қуанышты. Мұндай сабақтар көп күттірмей өз нәтижесін беретіні сөзсіз дейді мамандар.

Айгүл Ахметова – Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

– Монтессори кабинетінің құны 3,5 млн теңге. Бұндай соманы өзіміз еңсере алмас едік. Қайырымды жандар табылып, демеу көрсетті. Енді балалар бірегей құрылғылар мен оқу жүйесі арқылы білім алатын болады. Мұндағы сабақтар 20-30 минутқа жалғаспақ.

Монтессори кабинетінің игілігін 3 пен 18 жас аралығындағы 100-ге тарта бала көрмек. Жаңа әдіс бойынша олармен 50 кәсіби маман жұмыс істейтін болады.

Эльмира Садвокасова