Спорт

Жергілікті “Құлагер” ХК көкшетаулық “Арлан” құрамасымен кездесті

Кеше кешкілік петропавлдық “Құлагер” мен көкшетаулық “Арлан” хоккей құрамалары кездесу өткізді. Бұл қос команда арасындағы матч тартысқа толы болды.

“Құлагер” мен “Арлан” құрамаларының кездесуін тамашалауға жиналған жанкүйерлердің қатары аз емес. Шайбаның ойынға қосылғаны сол-ақ еді, қос команда тартысты бастап кетті. Дегенмен, бірінші жиырма минутта екі команда да есеп ашпады.

Екінші периодта текетірес үдей түсті. Қос құрама ойыншылары шайба үшін таласып бірнеше рет тәртіп бұзды. Сөйтіп 2-таймның 12 минутында жергілікті құрама есеп ашты.
Шайбаның авторы – теріскейлік шабуылшы Станислав Логинов. “Құлагер” жанкүйерлерінің қуанышы мұнымен бітпеді. Периодтың 13-ші минутында 18-ші нөмірдегі қоржынға Кирилл Власов тағы бір ұпайды салды. Осындай нәтижемен екінші тайм да аяқталды. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ.

Сәлден соң, ақтық кезең басталды. Периодттың 16-ші минутында Қонақ құраманың 19-шы нөмірлі ойыншысы жергілікті қақпашыны қапыда қалдырып, шайба салды. Соңғы таймда Арлан құрамасының қарқыны күшейгені байқалады. Осылайша қонақ құрамасының шабуылшысы Дмитрий Шитиков жергілікті қақпаға екінші шайбаны салып, таразы басын теңестірді. Дегенмен, жерлестеріміз де дес берер емес. Периодтың 12-ші минутында жергілікті құраманың ойыншысы Ильнар Мисабахов 3-голды соқты. Бірақ, ойынның аяқталуына үш минут қалғанда Арлан командасының ойыншысы Вадим Ермолаев есепті теңестіріп жіберді. Жеңімпаз 5 минуттық овертаймда анықталды. Арландық хоккейшілер теріскейліктердің қарқынына шыдас беріп, қос кездесуді жеңіспен аяқтап, қоржындарын 4 ұпаймен толықтырды.

Дмитрий Потайчук- “Арлан” ХКшабуылшысы:

– “Құлагер” командасымен жиі кездесеміз. Бұл ойынғада жақсы дайындықпен келдік. Менің ойымша бүгін екі құрамада жақсы ойын көрсетті. Дегенмен овертайм кезінде сәттілік бізге бұйырды.

Өз кезегінде жергілікті команда да қарсыластарының мүмкіндіктеріне жақсы бағаларын берді.

Евгений Пашков- “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Басы жақсы басталып еді. Бірақ, қарсыластарымыз біздің қателіктерімізді көріп, шабулдарын күшейте түсті. Енді, ертеңгі қарымта матчта есе қайтаруға бар күшімізді саламыз.

Айта кету керек, “Құлагер” мен “Арлан” құрамаларының қарымта кездесуі бүгін А.Винокуров атындағы спрот сарайында кешкі сағат 19.00 басталады.

Ешкенова Дана