МТРА жаңалықтары

Виртуалды ақпараттық орталығы ашылды

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында виртуалды ақпараттық орталық жұмысын бастады. Бүгінге дейін онда тұрғындардан өндірістік қараудағы істер мен атқару қағаздарына қатысты сауалдар келіп түскен.

Бұл – сот ғимараты жанындағы виртуалдық ақпараттық орталығы орналасқан кабинеті. Мұндағы 2 оператор маман – тұрғындардан сот процессіне қатысты келіп түскен қоңырауларға жауап береді. Жерлестерімізден көбінесе өндірістік қараудағы істер мен атқару қағаздарының жағдайына қатысты өтініштер көптеп түсетін көрінеді. Орталық ашылғалы операторлар 50-ден аса қоңырау қабылдапты. Осылайша, тұрғындарға өздерін толғандырған сауалдарына жылдам мәлімет алуға жағдай жасалған.

Алма Мәкішова – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы:

– Орталық ашылғалы сұрақтарға стационарлы телефон арқылы жауап бердік. Егер біз білмейтін мәселелер болса, қоңырау шалушыны оның ісімен айналысып жатқан мамандармен байланыстырамыз. Кей жағдайда соттың кеңсе меңгерушісі де жауап береді. Бүгін ватсап желісімен бір өңір тұрғыны хабарлама жіберді. Жауапты оның электронды поштасына жолдадық.

Әлеуметтік желі, электронды пошта немесе телефонның қай-қайсысымен болсын, сотқа қатысты сапалы әрі қанық ақпаратты жолдау сот қызметкерлерінің жұмысын біршама жеңілдетсе керек. Өйткені үкім шығарушы орган мамандар күні бойына сот процестеріне қатысып, одан қалды өнідістік қараудағы істерден қолдары босамайды.

Камила Дүйсенова – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының кеңсе меңгерушісі:

– Орталық бірінші кезекте сотқа жүгінуші тұрғындарға көмек беруге негізделіп жасақталды. Пилоттық жобаның тиімді тұстары көп. Әзірге кабинетте 2 адам кеңес береді. Орталық жұмыс күндері таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6 жарымға дейін жұмыс істейді. Ал үзіліс уақыты түскі 1-ден 2-жарымға дейін.

Сот жанындағы виртуалдық ақпараттық орталыққа облыс пен қала тұрғындарының барлығы хабарласып, көмек сұрай алады. Сауалды ватсап желісіндегі +7 707-735-00-50 телефон нөміріне, қалаішілік 35-00-50 нөміріне немесе 150203@sud.kz электронды поштасына жолдауға болады.

 

Бахыт Садвокасов