МТРА жаңалықтары

ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы сынақ тапсыруда

Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы жазғы оқуда алған білімдерін іс жүзінде көрсетіп, сынақ тапсыруда. Қоғам тыныштығын қадағалайтын әскерилер қару-жарақтан ату, белтемірде тартылу, қашықтыққа жүгіру сынды бірқатар тапсырмаларды орындаулары тиіс. Олардың теориялық білімдері де тексерілмек.

ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімі қаладағы тыныштықты, түзету мекемелеріндегі тәртіпті қамтамасыз ететін мекемелердің бірі. Қойылған тапсырмаларды тиісті деңгейде орындау үшін әскери қызметкерлердің дайындығы әркез келісті болғаны жөн. Осы мақсатта әскери бөлімде жылына 2 рет қорытынды тексеріс өткізіліп тұрады. Мәселен, қазан айында мұндағылар жазғы оқу кезінде алған білімдерін іс жүзінде дәлелдеп, біліктіліктерін көрсетеді.

Кенжеболат Балтабаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Бекітілген кестеге сәйкес офицер, келісімшарт бойынша еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мерзімді әскери қызметтегі жауынгерлер бірқатар жаттығулардан өтулері тиіс. Ол әрине Макаров пистолеті, АК-74 автоматынан оқ ату, қару-жарақты шашып-жинау, белтемірде тартылу, 100, 1000 және 3000 метрге жүгіру сынды кезеңдерді қамтиды. Тағы радио-химиялық қарудан қорғанатын киімді уақытқа киеді. Ал теорияға тоқталсақ, әскерилер саптық жарғы, мемлекеттік-құқықтық даярлық пен мемлекеттік тілден білімдерін көрсетеді.

Жоғарыда аталған нормативтерді тапсыру әскери бөлімнің жеке құрамына қиынға соқпасы анық. Қазір әскери бөлімнің 2-ші атқыштар ротасында мерзімді әскери міндетін өтеп жатқан сарбаздар АК-74 автоматынан оқ атуда. Тапсырма бойынша олар қашқын адамды мұнара ішінен көздеп атуы тиіс. Мүлт кетуге рұқсат жоқ. Жүктелген міндетті Атырау өңірінің тумасы Әлібек Кемел ойдағыдай атқарып шықты. Отан қорғаушы жігіттің туған жеріне оралуына аз қалған.

Әлібек Кемел – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:

– 4-ші жаттығуды орындап жатырмыз. Сақшының күзету орнындамыз. Күндіз және түнде атамыз. Қазір міне қорытынды нормативті тапсырып жатырмыз.

Ал ұрыс жаттығуларын орындай алмаған қызметкерлерге 2-ші мүмкіндік беріледі. Әскерилер нормативті екінші мәрте еңсере алмаған жайдайда, оларға қызметімен қош айтысуға тура келеді.

 

Бахыт Садвокасов