Мәдениет

Н.Тайировтың “Бейне мен түс” көрмесінің тұсаукесері өтті

“Бейне мен түс”. Облыс орталығында жерлес суретші Нұрлан Тайировтың жеке көрмесі ашылды Онда қылқалам шеберінің нәзікжандылар мен антика дәуіріне арналған ондаған картинасы жайғастырылған. Шара қараша айының 26-сына дейін жалғаспақ.

Бүгін теріскей тумасы Нұрлан Тайиров пен барша өнерсүйер қауым үшін ерекше күн. Суретші алғаш рет туған өлкесінде жеке көрмесін өткізуде. Мұндағы картиналардың басым бөлігі соңғы бір жылда салыныпты. Қылқалам шебері солтүстікқазақстандықтарың назарына 3 тақырыптағы суреттер желісін ұсынып отыр. Бірінде бұрымдылардың кескіні, екіншісінде антика әлемі бейнеленген. Ал, соңғысы Нұрланның басқа жанрлардағы тәжірибесінің жемісі. Қай бағытты алып қарамасаң да, өзіңе әрі таныс, әрі тың дүниені табуға болады.

Нұрлан Тайиров – Ресей суретшілер одағының мүшесі, Новосібір қ., РФ:

– 2018 жылы өзім түлеп ұшқан Петропавл өнер колледжіне 25 жыл толып отыр. Менің де өнер саласына кәсіби түрде бет бұрғаныма ширек ғасыр болды. Дәл осы білім ошағындағы үйренгенім менің суретші ретінде қалыптасуыма зор үлес қосты. Сондықтан, көрмені оқытушыларыма арнағым келеді. Оған мен бір жылдай дайындалған болатынмын.

Нәзікжандылардың бейнесін сомдау суретшінің негізгі бағыттарының бірі екен. Бұл тақырыпқа Нұрлан Тайиров 70-тен астам жұмысын арнапты. Алайда, бүгінгі көрмеге тек он шақтысын әкелген. Бірінші залда жайғастырылған мына картиналардың барлығында келушіге тастар өз ойы бар.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бүгінгі таңда смартфондар адам өмірінің айнымас бөлшегіне айналған. Қолына телефон ұстаған жандарды күнделікті кез-келген жерде кезіктіруге болады. Бұндай көрініс Нұрлан Тайировты дәл осы суретті салуға шабыттандырыпты. Мұнда бейнеленген нәзікжанды әлеуметтік желілерге әуестенгені соншалық, өзінің де смартфонның мобильдік қосымшасына айналғанын аңғармаған.

Ал, мына залда антика дәуірінің көріністерін тамашалауға болады. Суретшінің айтуынша, өнер атаулының барлығы дәл сол уақыттан басталады екен. Содан болар қылқалам шеберіне де осы бағытта еңбектенген жанына жақын. Бұл картиналар Лидия Гирконың да көңілінен шығыпты.

Лидия Гирко – өнертанушы:

– Грек мифологиясына арналған суреттер циклі ерекше әсер қалдырды. Композициялық ойлау қабілеті суретшілердің барлығында бірдей бола бермейді. Нурлан оны картиналарында ерекше көрсете білген. Бейнеленген адамдардың пластикасы, қолданылған бояу түрлері бір-бірімен өте жақсы ұйқасады.

Көрме бір айға созылмақ. Сондықтан, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына келушілер де жан ләззаты ала алады. Ауқымды шара қатысушыларына терскейліктер тағы бірқатар мәдени іс-шаралар дайындапты.

Аян Садаев – “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры:

– Қазанның 30-ы біздің мұражай кешенде көрме ашылмақ. Мұнда семсердің түр-түрлері көрсетілмек.

Гүлнара Мұқышева – облыстық музей қорының директоры:

– Қарашаның екісінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан мен Ресей: әріптестер диалогы» атты көрмені ашамыз. Мұнда 1992 жылдан бергі екі ел арасындағы байланыс көрініс таппақ. Яғни, қос мемлекет басшыларының кездесулері, өткен форум мен самиттердің фотолары жайғастырылады.

Ал, қарашаның 6 мен 18-і аралығында Н.Погодин атындағы орыс драма театрында қала тұрғындары мен форум меймандарының назарына «Ата-бабамыздың киелі мұрасы» фотокөрмесі ұсынылады.

Эльмира Садвокасова