Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті

Облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдардың 8-ші азаматтық форумы өтті. Шара аталған бірлестіктердің жұмысын қорытындылап, алдағы уақытқа жоспар құруға бағытталған. Жиын барысында осы саладағы проблемалар да сөз болып, оларды шешу жолдары қарастырылды.

Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың алар орны зор. Алайда, олардың әлеуеті әлі күнге дейін толық ашылмаған. Сондықтан, бүгінде бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Дегенмен, оның өзі де әлі жеткіліксіз. Сол себепті жиында мемлекеттік орган қызметкерлері мен аталған бірлестік өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеуі сөз болды. Шарағаға қатысушылар екі бірдей диалог алаңын құрып, өзекті мәселелерді талқылауда.

Сергей Худяков – Петропавлдық тұтынушылар ПИК аймақтық қауымдастығының төрағасы:

– Өңіріміздің белсенді үкіметтік емес ұйымдары шара барысында өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Жұмыс барысында енгізіліп жатқан жаңашылдықтар да айтылды. Бұл ретте жиынға қатысушылар Ішкі Істер органдарына әлеуметтік желілерде тарайтын жалған ақпаратты назарға алуды сұрады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылардың бұл мағлұматтарды жолдаушыларға қатысты жазаны күшейту керектігін де сөз етті.

Қазақстанның Азаматтық Альянсы еліміздегі барлық үкіметтік емес ұйымдардың басын қосуда. Ол елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде ұйымға 500 ден аса бірлестік мүшелік етеді. Қазір олардың барлығы шалғай елді мекендерді дамытуға бағытталған “Ауыл-ел бесігі” жобасын жүзеге асырмақ ниетте. Себебі, қазақстандықтардың 40 пайызға жуығы селоларды мекендейтіні белгілі.

Мұсағали Дуамбеков – Қазақстан азаматтық альянсының вице-президенті:

– Шалғай ауылдардағы тұрғындарды жұмыспен, еңбекпен қамту қажет. Қолға алынған “Ауыл – ел бесігі” жобасы осыған бағытталған.

Теріскей өңірінің өзінде ғана 100-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Алайда, олардың тек төрттен бірі ғана белсенділік танытады екен. Бұл тізімде ауылдық бірлестіктердің саны бірең-сараң. Дегенмен, бұл ұйымдарға жүктелген міндет зор.

Сәуле Сүлейменова – СҚО азаматтық альянс ассоциациясының төрайымы:

– Біздің өңір шекаралас аймақта орналасқандықтан, жастар Ресей Федерациясы мен өзге де жақын шетелге оқуға кетіп жатады. Бүгінде аталған мәселе өте өзекті. Проблеманы шешу жайы қазір ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға жүктелуде. Бұл ретте бірлестіктерге мемлекеттік органдардың да қолдауы маңызды.

Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ел қазынасынан 20 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Эльмира Садвокасова