Мәдениет

Игібай Әлібаевтың туғанына – 115 жыл

Биыл алты Алашқа аты мәлім Игібай Әлібаевтың туғанына – 115 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиынға қатысушылар ұлттық өнерді ұлықтап, артынан өшпейтұғын із қалдырған жерлесіміздің өмір жолын, шығармашылығын сөз етті.

Игібай Әлібаев – солтүстіктің ғана емес, барша қазақтың біртуар перзенті. Ол талай республикалық ақындар айтысында топ жарды. “Айтуар” атты жыр жинағын жарыққа шығарды. Тағы, Мәскеу мен Петербор төрінде ән салды. Айта берсең жерлесіміздің ілкімді істері жетеді. Оны бүгінгі жиынға қатысушы жандар да әңгімелеп жатыр.

Жанбай Қадыров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

 – Игібай Әлібайұлы Ұлы Отан соғысы жылдары мектеп те қызмет етті. Өлеңдері де, айтыстары да құнды. Тәрбиелік мәні зор.

Жиын барысында Жанбай Қадыров Игібай Әлібаевтың шығармашылығын мектепте оқыту қажет деген ой айтты. Сонда өскелең ұрпақ ұлттық өнерге бір табан жақын бола түседі деген пікірде профессор. Тағы, конференцияға ақынның көзін көрген туыстары да қатысты. Солардың бірі – Шаншар Жекеев. Жерлесіміз бала күнінде өнер иесінен домбыра шерту мен өлең құрауды үйреніпті.

Шаншар Жекеев – Игібай Әлібаевтың туысы:

– Ол кісі көпшіл болды. Қаумалаған халықтың ортасында жүрді. Ел жиналып отырғанда ақынға ән салғызатын.

Айта кетейік, жерлесіміздің 115 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға алыстан ат терлетіп келген қонақтар да қатысты. Олар да Игібай Әлібаевтың шығармашылығы жайлы салиқалы ой, салмақты пікірлерін білдірді. Мәселен, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің докторанты Ғарифолла Абылқасов Есіл-Көкше өңірлерінің ақындарын 10 жылдан артық зерттеп жүр екен.

Ғарифолла Абылқасов – Ш. Уәлиханов атындағы КМУ докторанты, Көкшетау қаласы:

– Әркімнің атқарған қызметтері, артынан қалдырып кеткен мол мұралары бар. Бірақ, көтерген мәселе біреу. Ол халықтың қиын өмірі, соғыстан кейінгі жылдар.

Тағы, жиында қоғам қайраткері Жангелді Тажин Игібай Әлібаевтың есімін өңірдегі бір іргелі білім ошағына беріп, ақынға тиісті құрмет көрсету қажеттігін айтты.

Култанов Байболат