Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдау жүктеген міндеттер аққайыңдықтарға түсіндірілді

Теріскейліктерге жолдау жүктеген міндеттер түсіндіріліп жатыр. Бүгін саяси маңызды құжат Аққайың ауданының активі мен тұрғындарына баяндалды. Полтавка селосында өткен жиында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов пен Петр Шарапаев Елбасының тапсырмаларын және оларды орындаудың нәтижелерін әңгімеледі.

Жиында бірінші болып ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов сөз алып, Елбасы Жолдауына қысқаша тоқталып өтті. Алдымен халық қалаулысы Президент тапсырмасына сай келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы деңгейі 1 жарым есеге өсетіндігін айтты. Яғни, 1 миллион 300 мың адамның табысы 28-ден 42 мың теңгеге дейін көбеймек. Оған қоса бюджеттік сала қызметкерлерінің де еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға ұлғаяды. Сапар Ахметов өзгеріске түскен “Бизнестің жол картасы” бағдарламасын да айналып өтпеді.

Сапар Ахметов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Бұл бағдарлама 2020 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, Елбасы биылғы жолдауында оның уақытын 2025-ке дейін ұзартуды ұсынды. Бұдан бөлек, осы жобаны жүзеге асыруға жыл сайын кемінде 30 миллиард теңгеден қосымша қаржы бөлу қажеттігін айтты. Енді, біздерге еңбек ету ғана қалды. Ол үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері халықпен бірлесе жұмыс істегені жөн. Сонда ғана бір нәтижеге жетуге болады.

Тағы, Сапар Ахметов аққайыңдықтарға білім беру, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты Елбасының бірқатар тапсырмаларын түсіндірді. Әсіресе, мейман 2022 жылға қарай агроөнеркәсіптегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген тауар экспортын 2,5 есе көбейту керектігін ескертті. Ол үшін Президент елімізге заманауи агротехнологияларды тарту, шет мемлекеттерден білікті мамандарды шақыру керектігін мәлімдеді. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Петр Шарапаев саяси маңызды құжатта айтылған ауылдардың инфроқұрылымын жақсарту туралы баяндады. Кейін, кезек тұрғындардың сауалдарына берілді.

Ералтай Әшімов – Полтавка селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Өзінің Жолдауында Елбасы ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландыру қажеттігін айтқан болатын. Бірақ біздің сіздерге айтарымыз бар. Осы селода жұмыс істейтін учаскелік полицей қысқарып қалмаса екен дейміз. Өйткені, ол ісін жауапты атқарады, халықпен үнемі байланыста жүреді.

Сапар Ахметов – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі уақытта Елбасының бұл тапсырмасы Үкіметте қаралуда. Әзірге ішкі істер министрлігіне қатысты шаралардың қалай жүзеге асатынын білмейміз. Бірақ, біз сауалыңызды назарға аламыз. Кейін, өтінішіңізді реформа шығарар кезде билікке жеткіземіз.

Жалпы, бүгінде Аққайың ауданында 12 учаскелік полицей мен 2 көмекші маман бар екен. Президент тапсырмасына сай алдағы уақытта олардың 2-еуі қысқартылуы мүмкін. Тағы, Полтавка селосының халқын жол мәселесі де алаңдатады. Бұл өзекті проблеманы бізге ауыл тұрғыны Әсия Жүсіпова жеткізді.

Әсия Жүсіпова – Полтавка селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Аудан орталығы мен селоға дейінгі жол нашар. Одан бөлек, елді-мекен ішіндегі трассада тозды. Жылда ой-шұңқырларға тас төселеді. Бірақ, көліктердің қатынауына байланысты істі келер маусымда шаруаны қайта атқаруға тура келеді. Сондықтан жолымыз сапалы жөнделсе екен дейміз.

–  Шыныменде аудан орталығы мен Полтавканың арасын байланыстыратын жолдың сапасы өте нашар. Мысалға алып қарайтын болсақ трассаның ені бірнеше метрге қысқарған. Оның үстіне мынандай ой-шұңқырлар да толып жатыр. Дәл осындай, яғни еліміздегі жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу қажеттігін Президент биылғы жолдауында баса айтты. Ол үшін келер жылы 150 млрд теңге керектігін де жеткізді. Мүмкін сол қаржыдан осы жолдау жөндеуге де бағытталып қалар.

Өңірдегі жол сапасын ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары да байқапты.

Сапар Ахметов – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

–  Жұмабаев ауданына бардым жолы жақсы екен. Тимирязев ауданында да біраз шаруа атқарылыпты. Бірақ, мынау Шал ақын ауданында жолды жөндеу керек. Бұл сұрақ шешімін табады деп ойлаймын.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында күре жолдардан бөлек, ауылдық жерлерді сумен қамтуға да 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінгендігін айтты.

Байболат Бектемірұлы