Спорт

Жерлес самбошы әлемдік жарыстың бас жүлдесін қанжығалады

“Елдің атын ер шығарар”. Теріскейлік спортшы Мақсат Нүсіпов самбодан 19-шы әлем чемпионатында бас жүлдені қоржынға салды. Тәжірибесі толысқан өңір самбошысы 62 келі салмақ дәрежесінде тартысқа түскен. Марокко мемлекетінде ұйымдастырылған дүбірлі дода дүниенің төрт бұрышынан келген 450 спортшының басын қосқан болатын.

Шаһардағы темір жол вокзалына бірер сәттен соң самбодан 19-шы әлем чемпионатының бас жүлдегері келеді. Спортшының қуанышына ортақтасуға оның туған-туыстары, достары мен әріптестері – әскери қызметкерлер жиналған. Көп ұзамай, әлемді мойындатқан қазақ баласы мінген “Қарағанды – Мәскеу” бағытындағы поезд перонға келіп тоқтады. Жүздері бал-бұл жанған дүйім жұрт қуаныштарын іштеріне сыйдыра алмай, Мақсат “чемпион” деп ұрандатты.

Төрткүл дүниенің кіл мықты самбошыларының басын қосқан дүбірлі додада спортшылар 7 түрлі салмақ дәрежесінде тартысқа түсіпті. Онда еліміздің намысын қорғаған жалғыз самбошы 62 келі салмақ дәрежесінде күресті. Әрине, Мақсатқа ақтықты кезеңге дейін бірінен бірі өтетін азулы жігіттер түскен. Ал финалда жерлесіміз жеңіліс көрмеген ресей спортшысымен кездесіпті. Десе де, рухы мықты, дайындығы келісті самбошымыз сенім артқан елін жерге қаратпады.

Мақсат Нүсіпов – Самбодан әлем чемпионы, ҚР ҰҰ әскери институты оқытушысы:

– Менің салмағымда 7 адам болды. Соның 3-уі менің тобымда. Бірінші кездесу француздықпен өткіздім, екіншісі ресеймен ақтық кезеңге таласып, ұпай санымен ұтып кеттім. Ақтық кездесуде Ресейдің 3 дүркін чемпионымен кездестім. Жеңісімді халқыма, еліме арнаймын. Барлық көмек берген жолдарстарыма туыстарыма арнаймын.

Титулды қоржынға салған жерлес спортшының ағайын тумалары жарыс алдында қатты уайымдағандықтарын жасырмады. “Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысар” демекші, анасы бастысы ұлымның еліне аман-есен оралуына тілекші болғандығын айтады. Ал өз салмағында белдікті ұттым дегенде төбем көкке жеткендей болды, – дейді.

Бейнегүл Мүрсәлімова – Мақсат Нүсіповтың анасы:

– Қай ана болса да, баласының жеңісін естігенде бірінші қуаныштың жасы дейді ғой, далаға шығып Аллаға сыйындым. Құдай қолдап жеңіске жетті. Өзі намазға жығылады. Баламды жарысқа барып-келуіне қолдау жасаған барлықтарына аналық алғысымды айтамын.

Мамлют ауданы Бостандық ауылының тумасы самбомен 98-ші жылдан бері айналысып келеді. Қазақ күресінен де құралақан емес. Мақсат бүгінде ҰҰ Әскери институтында болашақ офицерлерді қоян-қолтық ұрыс, самбо және қазақ күреске баулып келеді.

Еркін Бәтеев – ҚР ҰҰ Әскери институтының физикалық даярлық және спорт кафедрасы бастығының орынбасары:

– Мақсаттың өзіне келер болсақ, ол уақыты шектеулі болса да, сабақ арасында дайындалып отырады. Айта кететін қызық жәйт, кафедра ішінде отырған кезде сөмкесінен ірзеңкесін тастамайды. Ол сол кезде бір жұмысты істеп, қосымша жаттығып жатады. Өзінің таза еңбегімен келген жеңіс.

Өз салмағында абсолюттік чемпионт атанған Мақсат енді дзюдо спортынан да халықаралық сайыстарда топ жаруға ниетті екен.

Бахыт Садвокасов