Білім

Шетелдік ғалымдардан озық тәжірибе

Шетелдік ғалымдардың озық тәжірибесі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де қазір Польша, Иордания мен Литвадан келген білікті мамандар еңбек етуде. Олардың арасында профессорлар мен үздік топ-менеджерлер бар. Бұндай мамандарды жергілікті жоғарғы оқу орнына тарту мақсатында республикалық бюджеттен биыл 11 млн теңге қарастырылыпты.

Студенттерге айтылып жатқанның барлығы – тың дүние. Былайша айтқанда, бұл – польшалық профессор Стефан Дырканың «авторлық бағдарламасы». Оқытушы жергілікті университетке 1 ай бұрын келіпті. Осы аралықта білім алушылар оған да, оның шетелдік акцентіне әбден үйренісіп кеткен. Тілдік кедергі жоқ, алайда уақыт шектеулі. Апта соңында оқытушы өз еліне қайтады. Сондықтан профессор мен студенттер сабақтың бір минутын да бос өткізіп алмақ емес. Мұнда жаһандық мәселелер көтеріліп, қаржы саласындағы жаңалықтар айтылуда.

Стефан Дырка – Корфантего атындағы Жоғарғы Силез университетінің профессоры, Польша:

– Елдің болашағы болып саналатын жастардың жаңа білімді игеруі өте маңызды. Ал, бүгінгі таңда мемлекет деңгейіндегі білім жеткіліксіз. Бұны өз сөзінде Қазақстан Республикасының елбасы Н.Назарбаев та атап өткен болатын. Қазір технология қарыштап дамыған заманда адамдардың да ойлау қабілеті соған сай болуы қажет. Біз еуропалық тәжірибе мен жылдар бойы жинақталған біліммен бөлісудеміз. Бұл ретте мен жастарды халық алдында сөйлеп, белгілі бір тақырыпта ой қозғауға үйрету маңызды деп санаймын.

Стефан Дырка 2010 жылы еліміздің Болон үрдісіне қосылуына септігін тигізіпті. Сол уақыттан бері профессор Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жүр. Қазір ол тек студенттермен ғана емес, оқытушылар ұжымымен де жұмыс істеп, олардың біліктілігін арттыруда. Бұдан бөлек, Стефан Дырка жергілікті университетте 4 бірдей phd докторды даярлаған. Ал, Медхат Махмуд болса мұнда оқу жылының соңына дейін кідіре тұруды шешкен екен. Азамат мұнда клиникалық жұмыс бойынша проректор лауазымына тағайындалған. Сондықтан оған жүктелген міндет ауыр.

Медхат Махмуд – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ клиникалық жұмыс бойынша проректоры:

– Жоғарғы медицина мектебі осы оқу жылында ғана ашылды. Қазір студенттер жалпы білім беретін пәндерді меңгеріп жатыр. Ал, екінші семестрден бастап өз саласы бойынша дайындалмақ. Сондықтан, сол уақытқа дейін факультет барлық қажетті технологиялар және білікті мамандармен қамтылуы қажет. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, біз шетелдік студенттерді де университет қабырғасында білім алуға шақырудамыз. Алда жоғарғы оқу орнының медицина мектебін барлық әлемге танытуды көздеп отырмыз.

Жергілікті университет шетелдік мамандарды 3 жылдай бұрын тарта бастапты. Бастама өз нәтижесін бергендіктен, шаруа жүйелі түрде жүргізілуде. Мәседен, биыл бұл мақсатқа ел қазынасынан 11 млн теңге қаржы бағытталған.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық жұмыс бойынша проректоры:

– Үстіміздегі жылдың соңына дейін шетелден тағы 6 оқытушы келеді деп күтілуде. Олар 4 апта бойы студенттерге сабақ беріп, біліктілікті арттыру курстарын өткізеді. Бұдан бөлек, үздік топ-менеджерлерді шақыртудамыз. Әзірге 2 маманмен жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылдың ақпанынан бастап университетте еңбек ететін шетелдік мамандардың саны тағы да арта түспек. Аталған жұмыстар жоғарғы оқу орнын халықаралық озық тәжірибеге негіздеп жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.

Жергілікті университетте студенттердің де шетелде оқуына жағдай жасалған. Мәселен, қазір 18 адам Польша, Латвия, Литва мен Қытайда білімдерін шыңдауда.

Эльмира Садвокасова