ТЖ

Өрт қауіпсіздігі бойынша рейд ұйымдастырылды

Петропавлдық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері үй-үйді аралап, жадынамалар таратып жүр. Өйткені, жеке сектор тұрғындары отты пайдалану барысында қауіпсіздікті ескере бермейді. Мәселен, қалада жыл басынан бері тіркелген 170 шақты өрт оқиғаларының жартысынан көбі жер үйлерде орын алыпты.

Мына көппәтерлі үйдің соңғы бөлігінде өрт қазанның 24-і таңғы сағат 4 шамасында шығыпты. Қызыл жалын небары 20 минуттың ішінде баспананың 97 шаршы метрін жалмап, салдарынан бір-біріне жапсарланған 2 пәтердің тек қаңыраған қабырғалары қалды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, өйткені от тұтанған бөлікте ешкім тұрмаған. Ал күлі көкке ұшқан екінші пәтердің иелері бүгін үйінділердің астынан аман қалған заттарын алып шығып жатыр.

Любовь Антоненко -қала тұрғыны:

– Күйген үйде ешкім тұрған жоқ. Бірақ анда-санда қожайындары келіп тұратын. Олар ішімдікке әуес екенін естігенмін.

Мамандардың сөзінше, өрт тұрғындардың абайсыздығынан орын алған. Осы сияқты жеке үй секторларында төтенше жағдайлар негізінен пешті дұрыс пайдаланбау мен баспана иелерінің немқұрайлылығынан туындап жатады. Сондықтан, департамент қызметкері мен кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-ші курс студенттері үйлерді аралап, жадынамалар таратты. Олар үй иелеріне өрт қауіпсіздігі ережесі мен нормаларын сақтау қажеттігін түсіндіріп, жылыту маусымы алдында қандай дайындық жұмыстарын жүргізу керектігін айтып өтті. Соған қарамастан, жыл басынан қала бойынша 170-ке жуық өрт оқиғасы тіркеліп үлгерген.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қаласы ТЖ басқармасының инженері:

– Олардың 110-ы – жеке тұрғын үйлер орналасқан аудандарда – Береке, Жұмысшы кенті және Ойқала аумағында орын алды. Тілсіз жаудан 10 адам көз жұмды, олардың 3-і – балалар.

Ал тілсіз жаудан келген шығынның көлемі 46 млн теңгеден асып жығылған.

Молдир Шаяхмет