Құқық қорғау органдары

Петропавлда көлік тонаған ұры қолға түсті

Петропавлда көлік тонаған көкшетаулық ұры қолға түсті. Ол машиналардың дабыл жүйесін арнайы құралдың көмегімен істен шығарып отырған. Бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотты болған жігіт енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

27 жастағы жігіт Петропавлға көлік тонау үшін Көкшетаудан әдейі келіпті. Ол тек жаңа және қымбат машиналарды аңдын жүрген. Ал қожайыны көзден таса болған кезде қолындағы сканердің көмегімен дабыл жүйесінің кодын оқу арқылы салон ішіне оп-оңай кірген. Қазір ұрының арнайы құралды қайдан алғаны анықталып жатыр.

– И как это оборудование работает, объясните?

– Считывает код с автосигнализации владельца и передает мне на устройство. А с этим устройством я уже свободно подходил к машине. У меня был без ключевой доступ, не портя замки, ничего.

– Какие вещи брали?

– Деньги, только деньги.

Баукеспе Петропавлға келгелі 2 көлікті осындай жолмен ашып үлгерген. Біреуінен 150 мың теңге ұрлап, олжалы болса, екінші жағдайда темір тұлпар иесінің көзіне түсіп қалып, оқиға орнынан ізін суытқан. Бірақ, қаладан қашып кетпекші болғанда күдікті полицейлердің қолына түсіп қалыпты.

Ерболат Қаптаев – Петропавл қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы: 

– Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында бұрын сотталған Ақмола облысының 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті сканердің көмегімен автокөліктер сигнализациясының кодын таңдап, есігін ашып, салоннан ақша ұрлаған. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодесінің 188-бабы 2-бөлігі «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша ұрыға 3-тен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Негізі, тәртіп сақшыларының айтуынша, көліктердің ескі үлгідегі дабылдарын бұзу оңай екен. Сол себепті, машиналарға заманауи қондырғыларды орнату қажет. Тағы бір маңызды жайт – темір тұлпарды мүмкіндігінше бейнебақылау камералары орнатылған жерлерге қалдырып, ішінде ақша мен құнды заттарды сақтамаған жөн.

Мағжан Ахмадина