Қоғам

Келешегі жоқ ауылдар оңтайландырылады

Келешегі жоқ ауылдар оңтайландарылады. Өткен жылы өңірде 4 елді мекен азаматтары көшірілсе, биыл 10 адамнан да аз тұрғыны бар тағы 38 ауыл солардың кейпін кимек. Бұл қатарға – Есіл ауданындағы Калиновка ауылы да қосылған. Мұнда бүгіндері 6 адам тұрмыс кешеді.

Шөбі шүйгін, суы бал мына аумақта орналасқан Калиновка елді мекенінің негізі өткен ғасырдың басында қаланыпты. Ал 1954 жылы ауыл Амангелді селолық округінің құрамына енген. 25-28 жыл бұрын мұнда 300-ге жуық адам тұрмыс кешкен екен.

Марат Рамазанов – Амангелді селолық округінің әкімі, Есіл ауданы:

–  90-шы жылдарға дейін ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамыған болатын. Мұнда үлкен сауын цехі болды. Тағы елді мекенде өңірдегі ірі шошқа шаруашылығы кешендерінің бірі жұмыс істеді. Тұрғындардың көбі сол жерлерде еңбекпен қамтылған-ды. Нысандар жабылған соң екі қолға бір күрек таппағандар біртіндеп көше бастады.

Бір кездері аты дүркіреп тұрған ауылдың бүгінгі жай-күйі міне мынадай: үйлер қаңырап бос тұр, бұрынғы клуб, мектептің ізі де қалмаған. Ал қазір мұнда небәрі 4 баспана түтін түтетіп отыр. Солардың бірі – Пашковтар жанұясы. Сергей мен Галина осында туып өскен. Сондықтан, кіндік қаны тамған жерден кеткілері келмейді.

Сергей Пашков – Калиновка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

–  17 жасымнан мал бақтым. Бұрын үлкен шаруашылық болатын. Әйелім де сол жерде сауыншы қызметін атқарды. 90-шы жылдары бәрі құрығанда жұмыссыз қалдық. Бірақ, ешқайда көшіп кетпей, өз шаруашылығымызды дамыттық. Қазір 50 бас ірі қара малым бар. Қысы-жазы соларды бағып-қағамын. Жем-шөп дайындаймын. Ауылда жұмыссыз отыруға болмайды. Сондықтан, қазір мен мына жердегі жалға берілген көлді бақылаймын, ал зайыбым пошта тасиды.

Калиновка ауылының тұрғындары үшін әр кез жол мәселесі өзекті болған. Әсіресе, қысты күні қатынау қиынға соғыпты. Жалпы, жолдың жағдайы мұнда жазда да мәз емес.

Өткен демалыс күндері жауған жаңбырдан езілген жол әлі күнге дейін лай-батпақ болып жатыр. Оған өзіміз көз жеткіздік. Сондықтан, көлігімізді тастацға тура келді. Нива-ға отырып, Калиновка ауылына жарты сағаттан сәл астам уақытта әрең жеттік. Сергей мен Галинадан бөлек ауылда тағы 4 адам тұрады. Олар әрине елді мекеннің болашағы жоқ екендігін жақсы біледі. Сондықтан, көшуге де қарсы емес. Оларға әкімдік те қарайласпақ.

Марат Рамазанов – Амангелді селолық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Амангелді селолық округіне 4 ауыл кіреді. Калиновкадан басқа үш елді мекенге алдағы уақытта су кіргіземіз. Сондықтан біздер жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауыл тұрғындарына осы Амангелдіге көшуге кеңес береміз. Мұнда жұмыс та бар. Екі шаруашылықта малшылар, техника тілін білетін мамандар қажет. Көмек қолын созуға әзірміз.

Жалпы бүгінгі таңда өңірде Калиновка сынды тағы 37 елді мекен бар.

Жанар Ахмиева – СҚО экономика басқармасының бөлім басшысы:

 – Бұл ауылдардың әрқайсысында 10-ға жуық адам ғана тұрады. Ешқандай әлеуметтік инфрақұрылым жоқ. Сондықтан, жергілікті әкімдік мұндай елді мекен тұрғындарын басқа жерлерге көшіру бойынша жұмыс атқарып жатыр. Өйткені, болашағы жоқ ауылдарға ешқандай жағдай жасалмайды. Ол қаржылық тұрғыдан тиімсіз болып келеді.

Алайда, сол жерде қаламын деген солтүстікқазасқстандықтарға ешкім қарсылық білдірмейді. Ол – әрине, әркімнің өз қалауы.

Мағжан Ахмадина