МТРА жаңалықтары

Өңірде күзгі аң аулау маусымы жалғасуда

Теріскейде суда жүзетін жабайы құстар мен сібір еліктерін аулау маусымы жүріп жатыр. Бүгіндері ел аумағында қазақстандықтармен қатар, шетелдіктерге де саятшылық құруға рұқсат етілген. Осы орайда, аңшылық маусымы басталғалы өңірге Ресей, Германия және Австрия мемлекеттерінің азаматтары келіпті.

Міне, осылайша Александр Белокур қолына мылтықты алып, жабайы құстар мен жануарларға саятшылық құрады.

Ресейдің Челябі облысында тұратын азамат – әуесқой аңшы. Ол соңғы 5 жылда біздің өлкеге келіп, аң аулап жүр. Осы жолы аңшы жан жолдасы Виктор Морозовты ертіп алыпты. Олар Тайынша ауданындағы аңшылық шаруашылығында суда жүзетін жабайы құстарға саят құрған.

Александр Белокур – аңшы, РФ:

– Бұл жолы уақытты жақсы өткіздік. Тағы келеміз деп отырмыз. Өйткені, бізге аңшылық жүргізуге арналған рұқсаттама қыркүйектің басынан қарашаның ортасына дейін берілген.

Осылайша, елімізде республика тұрғындарынан бөлек, өзге ел азаматтары да аң аулай алады. Мысалы, биыл облысымызға Александр Белокур сынды аңшылық жасаймын деген 10 шетелдік мейман келген. Ресей, Германия және Австрия мемлекеттерінің азаматтары негізінен Айыртау және Тайынша аудандарын таңдап, сондағы аңшылық шаруашылықтарына барыпты.

Михаил Никитин – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Өңірде қыркүйек айының алғашқы сенбісінен суда жүзетін жабайы құстарды аулау маусымы ашылды. Ол қарашаның 30-ы күні аяқталады. Ал, сібір еліктеріне аңшылық жүргізу тамыздың 1-інен 31-ші желтоқсанға дейін рұқсат етіледі. Айта кету керек, бұл жұмыстарды арнайы рұқсаттамасы бар жандар ғана жүргізе алады.

Барлығы өңір аумағында 46 аңшылық шаруашылығы бар. Олардың 36-ы кәсіпкерлерге жалға берілген.

Тогжан Акмагамбетова