Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдау жүктеген міндеттер

Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға 1,5 трлн. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Нақ осынша сома Президент жолдауы аясындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып отыр. Ақшаның қай салаларға жұмсалатындығын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен өткен кездесуде мәжіліс депутаттары айтып берді.

4 күннен бері Мәжіліс депутаттары өңір аудандарын аралап, тұрғындарға Елбасы жолдауын түсіндіруде. Олар осы уақыт аралығында түрлі ұйымдарда болып, зауыт жұмысшыларымен кездескен. Әлеуметтік сала қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмапты. Осындай жиындарда солтүстікқазақстандықтардан күрмеуі шешілмей келе жатқан түрлі сауалдар түскен. Солардың бірі – жастардың баспанамен қамту мәселесі. Бұл проблема қалада ғана емес, ауылды жерлерде де өзекті екен.

Айқын Қоңыров – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Туған еліне оралып, ауылын гүлдендіруге үлес қосамын деген жастардың көбі баспана мәселесін шеше алмай жүр. Тіпті мемлекеттік бағдарламалардың өзі бұл жерде көмектесе алмайтын көрінеді. Жобаларды жасау барысында жіберілген олқылықтарды біздер жоғарғы жақта талқылап, осындай сауалдарды шешуге тырысатын боламыз.

Мәжілісте коммунистік партия атынан сөз сөйлейтін Айқын Қоңыров тағы елдегі тариф мәселесін бір жақты ететін кез келді дейді. Сондықтан алдағы уақытта бірқатар заң жобалары жасалмақ.

Айқын Қоңыров – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Тарифтердің өсуі бағаның шарықтауына әкелетіні белгілі. Тарифтер қызмет көрсету саласында, азық-түлікте, барлық жерде бар. Сондықтан Елбасы оны ретке келтіруді тапсырып, тариф белгілеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету керек деді. Осыған дейінгі бағдарламаның пайдасы шамалы болды. Сол себепті жоба бүгіндері ісін тоқтатты. Қазір Парламентте табиғи монополиялар туралы заң қарастырылуда. Ол қабылданса, монополист компаниялар ашық бола түседі деген сенім бар.

Ал мәжілісмен Роман Ким Мемлекет басшысының барлық 23 жолдауының 13-ін Президенттің өз ауызынан естіген. Бірақ бұл жолғысы жаныма ерекше жақын болды дейді.

Роман Ким – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Елбасы әр жолдауында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлді. Тіпті дағдарыс жылдары да халықтың әл ауқатын жақсартуға басымдық беріп отырды. Ал осы жолғысында Президент өмір сүру сапасын жақсарту керектігін айтты. Яғни, бұрын жасалған жұмыстарды енді бекіте түсу керек. Сондықтан бұл шараларға 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Біздер теріскейге келмес бұрын 2018 жылғы бюджетті қарастырдық. Ал жуық арада тағы 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті талқылайтын боламыз.

Сонымен қатар, олар қазына қаржысының мақсатты жұмсалуын да бақылауға алмақ.

Мағжан Ахмадина