Қоғам

Ұялы телефонды тіркеу қажет

Барша қазақстандықтар 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін ұялы телефондарын міндетті түрде тіркеулері қажет. Әйтпеген жағдайда абоненттік нөмір істен шығады.

Соңғы уақытта “Кселл” АҚ Петропавл қаласындағы филиалына ұялы телефондарын тіркеу үшін келгендердің саны артыпты. Мәселен, мұнда күн сайын ондаған адам жүгініп, абоненттік құрылғыларын өз аттарына рәсімдейді екен. Ол үшін тұрғындарға байланыс құралының IMEI-коды қажет. Тағы тіркелушіден SIM-карта мен жеке басты сәйкестендіретін нөмір талап етіледі. Осы үшеуі болған жағдайда мамандар 5 минуттың ішінде тегін сұрауыңызды орындап береді. Бұл ретте айта кетейік, тіркеудің басқа да түрлері бар.

Эльмира Сейтенова – “Кселл” АҚ Петропавл қаласындағы филиалының өкілі:

– Ең оңай тәсіл – смс арқылы тіркелу. Сіз 6006 қысқа нөмірінен барлық қажетті ақпаратты смс ала аласыз. Оған жауап ретін ЖСН жібересіз. Немесе жұлдызша 60060 тор командасынан өз сәйкестендіру нөмірін жіберуге болады.

Жалпы, тұрғындарға байланыс құралын тіркеудің қандай пайдасы бар? Сөйтсек, бұл жаңашылдық арқылы ұрланған ұялы телефонның сим картасын бұғаттауға болады екен. Оған қоса қондырғының өзін де оңай табуға мүмкіндік туады.

Динара Сағындықова – СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:

– Егер де тіркелген телефон ұрланса немесе жоғалса байланысты қашықтықтан ажыратып тастауға болады. Байланыс құралы да сөндіріледі. Кейін, осы қондырғы қосылған жағдайда біздің орталыққа мәлімет түседі. Міне, осы арқылы іздеуде жүрген дүниені табамыз. Тағы, тіркеудің арқасында қолды болған телефон басқа сим карталарды қабылдамайды.

Жерлестеріміздің біразы байланыс құралдарын тіркеу қажеттігін естіпті. Бірақ жаңашылдықтан бейхабарлар да баршылық.

–  Өзім телефонымды тіркеп алдым. Себебі тіркемесем сим картам істемей қалады.

– Ертең орталыққа барып телефонымды тіркеймін. Бұл хабарды енді ғана естіп тұрмын.

Айта кетейік, еліміздегі кез-келген телефон иесі байланыс құралдарын қаңтардың 1-не дейін тіркеу қажет. Әйтпеген жағдайда олардың сим карталары жұмысын тоқтатады.

Байболат  Култанов