МТРА жаңалықтары

Облыстық кәсіпкерлер палатасында кезекті семинар өтті

Облыстық кәсіпкерлер палатасында “Салауатты жұмыс орындары” жобасы аясында семинар өтті. Оған өңіріміздің 15 шақты кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының “Салауатты жұмыс орындары” жобасы 2002 жылдан жүзеге асып келеді. Бұл жобаның аясында жұмыс берушілер еңбеккерлерінің денсаулығын қорғап, оларға психолгиялық, әлеуметтік көмек көрсетіп, еңбек қауіпсіздігімен қамтамасыз етуі тиіс. Ал, қызметкерлер өз кезегінде денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға міндеттеледі. Бүгінгі семинарға жиналған жергілікті кәсіпорын өкілдеріне осы мәселе кеңінен түсіндірілді. Алдымен, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім жетекшісі Гүлнар Жақсылықова өңіріміздегі жағдайға тоқталып өтті.

Гүлнар Жақсылықова – облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім жетекшісі:

– Қазіргі уақытта жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер созылмалы ауруларға шалдықпаған. Алайда, туберкулезді жұқтырған жұмысшылар бар. Сондай-ақ, кәсіпорындарда бутан және метан сияқты химиялық заттармен уланғандар тіркелді. Сондқытан, бүгінгі семинарға келгендерге салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ақпараттық- буклеттер таратамыз. Онда қажетті мәліметтердің бәрі бар.

“Салауатты жұмыс орындары” жобасы біздің өңірімізде осы жылдан бастап жүзеге аспақ. Қазіргі таңда оның аясында 5 кәсіпорында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, аталған нысандарда қызметкерлер жыл сайын медициналық тексерістерден, ал, кәсіпорындар аттестациядан өтетін болады. Сондай-ақ, бір жерден тамақтандыру жүйесі іске асады. Осы кәсіпорындардың арасында “Қызылжар су” серіктестігі де бар. Компанияда 900 маман жұмыс істесе, олардың 100-ге жуығы – апаттық бригадалардың қызметкерлері.

Жасұлан Байматов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері:

– Апаттық жағдайда мамандар арнайы құрылғылармен жұмыс істейді. Бірақ олар нұсқаулықтар бойынша әрекет етеді. Сондықтан, осы жылы ешқандай оқыс оқиғалар орын алған жоқ. Сонымен қатар, біз кәріздік жүйелерді тазартумен де айналысамыз. Сондықтан, хлордың кесірінен қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығына зиян келуі мүмкін. Осы себепті жұмысшылардың барлығына 3 айда бір рет нұсқаулықтар беріп, дәрістер өткізіп тұрамыз.

Айту керек, қазіргі таңда аталған жоба Қарағанды мен Өскемен қалаларында кең ауқымда жүзеге асып жатыр.

Мөлдір Шаяхмет