МТРА жаңалықтары

Күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Осы жолы теріскейлік 30 бозбала Семейге аттанып, сол өңірде әскери борыштарын өтемек. Бүгін жас сарбаздарды туған-туыстары шығарып салды.

Қаз-қатар сап түзеген тепсе темір үзетін мына 30 ер жігіт Семей қаласының 28738 әскери бөліміне аттанғалы тұр. Отан алдындағы борышын өтейтіндердің қатарында Николай Фаст бар. 19 жастағы болашақ сарбаз әскерге өзі сұранып бармақшы. Өйткені, міндетімді өтеуге даярмын дейді.

Николай Фаст – әскерге шақырылушы:

– Ата-анама қолдау көрсеткендері үшін алғсымды айтамын. Бұл күн мен үшін ерекше. Себебі Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанғалы тұрмын. Әскерге барып, дайындықтан өту – біздің азаматтық парызымыз. Барлық жігіттерге әскери парызын абыроймен атқаруға тілектеспін.

Биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйектің 10-нан басталған болатын. Бүгінге дейін шекара қызметі, мемлекеттік күзет қызметі мен қарулы күштер қатарына 140 сарбаз іріктеліп, өз бөлімдеріне аттаныпты.

Айман Абжапбарова – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы:

– Біз үшін қуантарлық жағдай жыл сайын сарбаздардың саны артып келеді. Биылғы науқанда 1992-і мен 2000 жылдар аралығындағы жігіттер шақырылып жатыр.

Ұлдарын әскерге шығарып салуға келген ата-аналардың толқуын аңғармау мүмкін емес. Дегенмен, олар балаларымыз республика азаматтары ретінде борыштарын өтеп шығулары тиіс – дейді.

– Жалғыз ұлымды жіберіп жатырмын. Қобалжып тұрмын. Ең бастысы Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып келсін.

– Жігіттерге сәттілік тілеймін.

Айта кетейік, СҚО-ның Қорғаныс істері жөніндегі департаменті күзгі маусымда 615 сарбазды іріктеп, еліміз бойынша түрлі әскери бөлімдерге жібермек.

Дана Ешкенова