Қоғам

Көркем гимнастикаға арналған костюмдер тігілетін шеберхана ашылды

Петропавлда көркем гимнастикаға арналған костюмдер дайындайтын шеберхана ашылды. Онда әр баланың талғамына қарай эксклюзивті спорттық киімдер тігіледі. Қазір шеберханаға еліміздің басқа қалаларынан тапсырыстар көптеп түсіп жатыр.

Көркем гимнастика – спорттың нәзік, әрі әдемі түрі. Ырғақпен қозғалу, әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі – осының барлығы гимнасттарды жеңіске жеткізетін құрамдас бөліктер. Әсіресе, соңғысы көздің жауын алуы тиіс. Сондықтан, Лайық Мақсұттың анасы Марианна Тагирова қызына костюмдерді арнайы тапсырыс бойынша тіктіреді екен. Ол үшін шеберге интернеттен ұнаған эскизін жібереді. Мәселен, Лайықтың үстіндегі мына спорттық киім 100 мың теңгеге айналған екен.

Марианна Тагирова – ата-ана:

– Костюмдердің барлығын бір адамға тіктіремін. Оны бұрыннан білемін. Сондықтан, киімнің сапасы әркез жақсы болатынына сенімдімін. Біз костюмді осымен 4-ші рет тігіп отырмыз. Себебі, 2,3 нөмірден кейін спорттық киім қызыма кішкентай болып қалады.

Петропавлдық тігіншілердің қолынан шығатын костюмдерге сұраныс өте жоғары. Мұны ескере білген Динара Өмірзақова қыркүйек айында көркем гимнастикаға арналған эксклюзивті киімдерді тігетін шеберхана ашыпты.

– Мұндағы авторлық костюмдердің барлығы қолдан жасалып, өрнектеледі. Олардың арасында ұлттық нақыштағы киімдер де бар. Мәселен, “Атамекен” костюмінде қыран құсы мен таулар, яғни, қазақтың ұлы даласы бейнеленген. Оған шамамен 1000-нан астам әшекей жапсырылыпты. Бұл спорттық киімнің бағасы 90 мыңды теңгені құрайды.

Мұндағы киім үлгілері бір-біріне ұқсамайды. Барлығы алуан-түрлі. Оларға қажет мата Ресейден жеткізіледі екен.

Динара Өмірзақова – шеберхана жетекшісі:

– Біздің костюмдерімізге сұраныс бар. Шеберханамыз жақында ғана ашылғанымен, Атырау, Байқоңыр, Алматы, Өскемен, Астана, Шымкент сияқты қалалардан бірнеше рет тапсырыс келіп түсті. Біз олардан өлшемдерді ватсапп желісі арқылы аламыз. Ең бастысы костюмдеріміз басқа шеберлерлердің киімдерінен өзгеше. Біз оларды эксклюзивті үлгіде тігеміз.

Шеберханада дизайнер мен тігінші жұмыс істейді. Олар бір костюмнің үлгісін жасап, пішіп, тігу үшін 1 апта еңбектенеді. Алдымен, шебер киімді тапсырыс берген адамның эскизіне сайлап тігіп береді. Ал, дизайнер болса, оның үстіне оюлар немесе басқа да үлгідегі суреттер салып, түрлі түстерге бояйды. Кейін әдемі әшекейлермен әрлейді. Қазір Анна Смирнова кезекті спорттық киімін безендіріп жатыр.

Анна Смирнова – шеберхана дизайнері:

– Барлығы клиенттің тілек-талғамына байланысты. Алайда, олар бізге қыздары билейтін музыканы да қосымша жібереді. Костюмді соған байланысты әрлейміз. Сондай-ақ, қыздың көзінің және шашының түстеріне де мән береміз. Барлығы үйлесімді болуы тиіс. Әшекейлердің жарқырап тұрғаны да әдемі. Себебі, кілемге шыққан уақытта барлығы ең алдымен спорттық киімге назар аударады.

Спорттық киімнің бағасы әшекейлердің саны мен олардың сапасына тікелей байланысты. Мәселен, костюмдегі жылтыр тастар Қытай немесе Кәріс елінің өндірісі болса – оның жалпы құны 50-60 мың, ал ресейлік “Сваровски” тастары жапсырылса – 90 мың теңге тұрады. Соған қарамастан, шеберхана ашылғалы 60-қа жуық костюм сатылып кеткен. Енді кәсіпкер балдық костюмдерді тігу ісін де қолға алмақшы.

Мөлдір Шаяхмет