Мәдениет

Халықаралық фестивальде “86” спектаклі сахналанды

Желтоқсан оқиғасы Еуропа сахнасында көрсетілді. Жақында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының труппасы гастрольдік сапармен Румынияға барып қайтты. Әлем елдерінің актерлерін жиған ауқымды шарада, жергілікті ұжым “86” спектаклін ұсыныпты.

Халықаралық “FEST in pe Bulevard” фестивалі әлемнің белді театрларының басын бір жерде тоғыстырған ауқымды шара. Бұл жолы Румыния астанасының “Нотаро” еуропалық сахнасында өнер көрсетуге облыстық қазақ театры да жолдама алыпты. Фестивальдің 4-ші күнінде, жергілікті өнер ұжымы шетелдік көрермендерге “86” қойылымын сахналаған. Өнер ордасының әртістері алғаш рет туындыны өткен жылы еліміздің оңтүстік шаһарының тұрғындарына ұсынса керек. Ол кезде алматылықтарға “86” қойылымының қысқа метражды жарнамасы көрсетілген. Нәтижесінде шығарма сол кешке ортақтасқан румындық өнер майталманының көзіне ілігіп, ол жерлестерімізді фестивальге шақырған.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының бас режиссері:

– Сол көтеріліске қатысқан біздің аға-апаларымыздың тіліне, отанына, жеріне деген қамқорлық білдірген жас жігіттердің рухын көрсететін спектакль. Бұл қойылымды 1 ай көлемінде дайындадық. Күні түні еңбектендік. Сол еңбек ақталды. Еуропа төрінде біздің тәуелсіздігімізді жырлап, көрсеттік. 04-00 Бәсекелестік қабілет бар екен, қазақ театры артта қалмаған. Осындай деңгейде өнер көрсеткенімізге олар қуаныштарын білдірді, өйткені Румыниядада сондай жағдай болған.

Фархад Молдағали 86-шы жылғы желтоқсан оқиғасының желісінде құрылған туындыны қоюда өзі режиссерлік еткен. Ал себепсіз азап шеккен қазақ ұл-қыздарының рөлін 13 актері сомдапты. Солардың бірі – өнер ұжымының жас әртісі – Мадина Өсербаева. Бойжеткен салмақты туындыны еуропалық өнер сүйер қауым жақсы қабылдап, тамсанғандарын айтады.

Мадина Өсербаева – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының әртісі:

– Спектакльде белгілі бір рөлді сомдадым деп айта алмаймын. Барлығымыз сол алаңға шыққан жастарды ойнадық. Румынияда басқа бір сезіммен ойнадым. Күмән болды, бізді келген халық түсіне ме түсінбейме деген.

Халықаралық фестиваль аясында теріскейлік шығармашылық топ өкілдері шетелдің тіс қаққан театрларының туындыларын да тамашалаған. Ал қазір шабыттанып келген актерлер жақында жерлестерімізге жол тартатын “солдат күнделігінен” спетакліне дайындықтарын пысықтауда.

Бахыт Садвокасов