Қоғам

Қазанның 28-і – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби күні

Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы дата қарсаңында осы салада талмай еңбек етіп жүрген мамандардың құрметіне салтанатты шара өтті. Мұнда бірқатар әлеуметтік қызметкерге төс белгілер, өңір басшысының құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 2 мыңдай теріскейлік емдеу стационарларында, 3,5 мыңы үй жағдайында, ал, 5 мыңнан аса науқас медициналық орталықтарда оңалтудан өтеді. Бұл жандарға әлеуметтік қызметкерлер жәрдемдесіп, қамқорлық жасап жүр. Өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жандарды кәсіби мерекелерімен өңір жетекшісінің орынбасары Асқар Сақыпкерев құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрметті достар, сіздер облыс тұрғындарын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Бүгінгі мереке күні жауапкершілігі мол қызметте табыс, зор денсаулық, ортаймас бақыт, жақсылық пен қуаныш тілеймін.

Содан соң, облыс басшысының орынбасары әлеуметтік қорғау жүйесінде жүрген бірқатар жандарға төс белгілер, өңір жетекшісінің құрмет грамотасы және алғыс хаттарын табыс етті. Еңбегі еленіп жатқандардың қатарында Мақпал Тукашева да бар. Нәзік жанды соңғы 8 жыл бойына Тимирязов аудандық жұмыспен қамту орталығында тер төгіп жүр. Мақпал Тукашева Докучаев елді-мекенінде тұратын егде жастағы 4 кісіге үнемі қарайласып жүретін көрінеді.

Мақпал Тукашева – Тимирязов аудандық жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік қызметкері:

– Кәрі кісілермен жұмыс істеуге үйрендім. Енді, өзіме ұнайды. Бүгін міне, мені марапаттап жатқанына басшыларға рақмет айтамын. Бәріне ризамын.

Кейін әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің құрметіне мерекелік концерт қойылып, ән мен биден шашу шашылды.

Сондай-ақ, жастар сарайында дүйім жұрттың назарына көрме ұсынылды. Мұнда әлеуметтік орталық емделушілерінің қолынан шыққан түрлі картиналар мен қолданбалы өнер туындылары жайғастырылған.

Тогжан Акмагамбетова