Денсаулық сақтау

Серіктестік босануға арналған курс

Облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан 2 мыңдай серіктестік босану өткізіліпті. Алайда, осындай маңызды сәтте әйелдерге қолдау танытуға баратын жандардың ешбір дайындығы болмай жатады. Демеу көрсетемін деп, керісінше нәзікжандының үрейін тудыратындар да бар екен. Осыған орай қыркүйек айынан орталықта арнайы курс жұмысын бастады.

Дұрыс дем алу, ыңғайлы дене тұрысы мен психологиялық дайындық. Бір қарағанда – болмашы дүниелер. Алайда, бұның барлығы болашақ аналар мен дүние есігін ашатын нәресте үшін өте қажет. Сондықтан, маңызды сәтте оларға қолдау көрсетуге қазір келіншектің туған-туыстары келіп жатады. Осыған орай, облыстық перинаталдық орталықта 1998 жылдан серіктестік босану қарастырылған. Алайда, босанушы әйелдерге көмек қолын созып, моральды тұрғыда демеу берудің орнына серіктестер кейде жағдайды тіптен ушықтырып жібереді екен. Сол себепті мамандар арнайы курс ашты.

Қыркүйек айынан басталған сабақтарға осы уақыт ішінде 174 адам қатысып, тиісті анықтамаға қол жеткізген. Мұнда босану кезіндегі сауаттылық мәселесі жіті түсіндіріледі. Себебі, болашақ аналарға бірінші кезекте, қолдау мен тиісті күтім қажет.

Күлшат Бостанова:

–  Мен өзім 3 баланың анасымын. Алайда, әр босануым есімде. Қатты қобалжитынмын. Сол себепті, бүгін қызыма қолдау көрсету үшін әдейі келіп отырмын. Серіктестік босануға алғаш қатыспақшымын. Өзім бірнеше мәрте босанып, «тәжірибелі» болғаныммен, медицина қызметкерінің көмегіне жүгінуді жөн көрдім. Біраз мағлұмат естідік. Өте пайдалы курс болды.

Ал, Евгений Химяктің бұл алғашқы тәжірибесі емес. Ер азамат 2,5 жыл бұрын үлкен ұлының дүниеге келуіне куә болыпты. Алайда, ол кезде мұндай курстар болмағандықтан, келіншегінің босануына ешбір дайындықсыз барған көрінеді. Сондықтан, қалай қолдап, қандай көмек көрсету қажеттігін білмеген.

Евгений Химяк :

–  Тағдыр қосқан қосағымды осындай маңызды сәтте қолдағым келеді. Сондай-ақ, қызым дүние есігін ашқанда, ата-анасын бірге көргені қандай жақсы. 0-34 Кез келген адам мұндай сәтте өзін қобалжулы сезінеді. Ал, бұл курста маған барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Енді, жарыма қандай массаж жасау керектігін де білемін. Серіктестік босануға қатысатындар үшін бұндай курсты ұйымдастырғаны жақсы болды.

15 жылдық еңбек өтілі бар валеолог дәрігер Людмила Ефимованың сөзінше, бүгінде жүкті әйелдер серіктестік босануды жөн көреді. Сондықтан, алдымен нәзікжандыларға көмек қолын созатындарды моральды тұрғыда дайындап, үйретуді ұйғардық дейді ол.

Людмила Ефимова – облыстық перинаталдық орталықтың валеологы:

– Нәзікжандының босануына келген серіктес өзін қалай ұстау керектігін міндетті түрде білуі қажет. Олар, келіншектің көңіл күйін көтеріп, керек болса назарларын аулаулары керек. «Мен сенің қасындамын» дегеннің өзі әйелдің сенімділігін арттыратыны сөзсіз. Біз бұл курста серіктестерге массаж жасап, дұрыс дем алдыруды үйретеміз. Бұдан бөлек, болашақ аналарымыз 5-6 сағаттан толғатулары мүмкін. Біз бұл процессте қасында отыра алмаймыз. Сондықтан, серіктесі дәл осы уақытта оған қолдау көрсетуі қажет.

Үстіміздегі жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталық мамандары 4 мыңға жуық әйелді босандырған. Нәзікжандылардың жартысы маңызды оқиғаға серіктестерін бірге ертіп келіпті.

Эльмира Садвокасова