Қоғам

Кезекті әдеп жөніндегі кеңес өтті

Қалалық әкімдік қызметкерлерінің жұмысы тағы сынға алынды. Басы даудан арылмай тұрған мемлекеттік мекемеде бүгіндері 15 бос орын бар. Тіпті кей бөлімдердің басшылары мен орынбасарларының лауазымына осымен 1 жылдан астам уақыттан бері үміткерлер табылмай жүр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтердің сапасыз орындалуына әкеліп соқтырған.

Бұл жолғы әдеп жөніндегі кеңесте 4 сауал қаралды. Тәртіптік істер болмаса да сауалдар өзекті. Ең алдымен баяндама жасауға СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы шығып, бюждет қаржысының қалай жұмсалып жатқандығы жөнінде мәлімет берді. Зылиха Отарғазиеваның айтуынша, үстіміздегі жылдың 9 айында мұндағылар 100-ден астам аудиторлық тексеріс жүргізіпті. Олардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені, бірқатар мемлекеттік органдар 6,5 млрд теңгеге жуық соманы жөнді жұмсамаған.

Зылиха Отарғазиева – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінде жүргізілген тексеріс барысында біраз олқылықтар анықталды. Олар 84 млн. теңгенің заңбұзушылықтарын жіберген. Оның – 37 млн теңгесі қаржылық олқылықтар. Мемлекеттік сатып алулар кезінде мұндағылар «Еңбек Астана» серіктестігі жаңа архитектуралық мүсіндер дайындайды деп көрсеткен. Алайда олар небары бұрынғыларын жаңартқан. Сөйтіп, бюджетке – 9,5 млн теңге нұқсан келтіріліп, келісімшарт жөнді орындалмағандықтан 1,1 млн теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы төленді.

Осындай заңбұзушылықтар бұл бөлімде жетіп артылады. Тек мұнда ғана емес, департамент мамандары Айыртау ауданында да осындай бірнеше олқылықты анықтапты. Жалпы жыл басталғалы мемлекеттік сатып алуларды тиісті жүргізбеуге қатысты 365 шағым келіп түскен. Сөйтіп, 95 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершіліккке тартылды. Мамандар мұндай қателіктерге бой алдырудың басты себебі, заңды жіті білмеу және кадрлардың жиі ауысуы дейді. Мұндай жағдай әзіресе, қалалық әкімдікте жиі орын алатын көрнеді.

Елена Степаненко – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Әр кеңесте қалалық әкімдік мамандарының ісін қараймыз десек, артық айтқандық болмайды. Әсіресе, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, архитектура және құрылыс бөлімдерінің қызметкерлері олқылыққа жиі бой алдырады. Оларға түсетін шағымдардың саны да көп.

Кеңес мүшелерінің жаңбырша жаудырған сауалдарына қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев жауап беруге тырысты. Бірақ олардың жұмысына шағымдардың көптігі соншалық, шенеунік әкімдікте мамандар жетіспейді және жалақы мардымсыз дегеннен әрі аса алмады. Бұл жағдайға түсіністікпен қараған жөн де шығар, өйткені мұндағы кей бөлімдердің басшылары мен орынбасарларының лауазымдық орындары 1,5 жылдан бері бос тұр. Ал олардың міндетін бас мамандар мен сектор меңгерушілері атқаруда. Сондықтан кездесу соңында бұл мәселені бірлесіп шешу керектігі айтылды.

Мағжан Ахмадина