МТРА жаңалықтары

Өңіраралық форумға тіркеу жүргізілуде

Қарашаның 8-і мен 9-ы күндері облыс орталығында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Ауқымда шараға бар болғаны екі аптадай уақыт қалды. Бүгінде пленарлық отырыстар мен көрмеге қатысамын дегендерді тіркеу жүргізілуде.

Облыста өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық қызған. Шара екі ел арасындағы туризм саласын дамытуға бағытталмақ. Қазір қос мемлекеттің делегаттарын рәсімдеу шарасы жүргізілуде. Аталған шаруаны туризмфорум,кз сайтында тындыруға болады.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы:

– Сайт қазан айының басынан бері жұмыс істейді. Бүгінге дейін мұнда форумға қатысуға ниет білдірген 380 адам тіркелді. Жалпы, ауқымды шараға келушілердің саны 700-дей болады деп күтілуде. Қазіргі таңда Ресей Федерациясының 11 және Қазақстанның 15 өлкесі шараға қатысатындарын растады.

Форум аясында панельдік сессия ұйымдастырылады. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде Қазақстан мен Ресейдің Іскерлік кеңесінің отырысы өтпек. Ауқымды шара екі ел арасындағы әріптестік қатынасты одан әрі нығайтуға септеседі. Форум туризм саласындағы жаңа трендтерді меңгеріп, сандық технологияларды енгіземін дейтіндер үшін пайдалы болмақ. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды тиімді пайдалану туралы сөз қозғалады.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы:

– Тағы екі күнге созылатын көрме ұйымдастырылмақ. Ол теннис кортында өтетін болады. Мұнда әрбір өңір өзінің туристік әлеуетін көрсету мүмкіндігін иеленбек. Қазақстан мен Ресейдің курорттық зоналары, демалыс орындары мен медициналық мақсаттағы шипажайлардың басшылары да шараға қатыса алады. Бірақ, көрмедегі орындардың саны шектеулі.

Форум негізінен шаһардағы Оқушылар сарайы мен теннис кортында өткізілетін болады. Қос мемлекеттің Президенттері қатысатын шараны ұйымдастыруға облыстан 150 белсенді тартылған.

Эльмира Садвокасова