Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде мекенжай мәліметінің жаңа форматы енгізілуде

Елімізде біртіндеп мекенжайдың тіркеу коды негізіндегі мекенжай мәліметінің жаңа форматы енгізілуде. Бұл үрдіс өткен жылдың 1-ші қарашасынан басталған болатын. Отандастарымыздың мекенжай мәліметтеріне мекенжайдың тіркеу кодын белгілеу “электронды үй кітапшасын” құруға мүмкіндік берді.

Аталған өзгерістердің арқасында жылжымайтын мүлік иесі мекенжай анықтамасын сұратқан кезде баспанасында тіркелген адамдар туралы да ақпаратты қоса алады. Бұған дейін тұрғын үй иегерлеріне бұл мәліметтер берілмейтін. Сондықтан, жаңа пәтерді сатып алу кезінде бірқатар түсініксіздіктер туындайтын. Мекенжай мәліметтерін жаңа үлгіге көшіру басталған уақыттан бүгінге дейін 130 мыңдай солтүстікқазақстандық тиісті тіркеуге тұрыпты. Пәтерге тіркелген жандар туралы ақпараттарды сақтау қызметін атқарған қағаз үй кітапшаларының бірнеше жыл бұрын күші жойылған болатын. Айта кетейік, үй иесінің кейбірінде тіркеу коды автоматты түрде базаға енгізілмек.

Айдана Аяпбергенова – СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының кіші инспекторы:

– Осы жұмысты жүргізу үшін тұрғын үй иесіне тұру жері бойынша ХҚКО келу қажет. Және өзімен бірге жеке куәлігі, барлық отбасы мүшелерінің жеке куәліктері, соның ішінде осы мекенжайда тіркелген кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәліктері болуы керек. Мекенжай тіркеу кодын біріңғай базаға енгізу 5 минуттың ішінде атқарылады. 

Бахыт Садвокасов