Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” ФК талдықорғандық Жетісумен ұпай бөлісті

Өткен демалыс күндері еліміздің 6 қаласында футболдан премьер-лига ойындарының 30-шы туры өтті. Бұл кезеңде жергілікті “Қызыл-Жар СҚ” құрамасы өз алаңында талдықорғандық Жетісуді қабылдады. Тартысты кездесуде жеңімпаз анықталмады. Қос команда 1-де 1 есебімен тең түсіп, қоржындарына жалғыз ұпайдан салды.

Бұл кездесу “Қызыл-Жар СҚ” командасының капитаны Сергей Скорыхты марапаттау рәсімінен басталды. Көпшілік алдында клуб президенті Георгий Лория спортшыға премьер-лигада 400 ойын өткізгені үшін естелік жейдені сыйға тартты. Кейін кезек матчқа келді. Жасыратыны жоқ 1-ші минуттардан-ақ жетісуліктер белсенділік танытты. Олар теріскей құрамасына қарағанда қауіпті шабуылдар ұйымдастырды, бірнеше бұрыштаманы да көтерді. Бірақ, бәрі нәтижессіз. Осы сәттерде жерлестірімізде есеп ашатын тамаша мүмкіндік болған. Алайда, Шото Григалашвилидің тепкен добы қақпадан биік кетті. Дегенмен, алғашқы голды дәл 45-ші минутта талдықорғандықтар соқты.

Осы 1-де 0 есебімен футболшылар үзіліске аттанды.

–  Қазір 2 доп соғамыз. Қызылжар алға.

– Жаңағы гол кездейсоқ жағдайда соғылды. Әлі есе қайтаруға уақыт бар. Мен біздің жігіттерге сенемін.

Иа есе қайтаруға уақыт бар. Осыны ұғынған қызылжарлықтар 2-ші таймды қарқынды бастады. Жерлестеріміздің төккен тері 66 минутта нәтиже әкелді. Айып алаңына асырылған доп жетісулік футболшыларға тиіп теріскейлік Урош Деличтің алдына түсті. Мұны қорғаушы ұтымты пайдалып таразы басын теңестірді.

Сонымен есеп 1-де 1. Қалған уақытта қос ұжым ойыншыларында да гол соғатын сәттер болған. Бірақ, футболшылар қанша тырысқанымен жеңімпаз анықталмады. Осылайша қарсыластар бұл кездесуде жалғыз ұпайдан еншіледі.

Антон Цирин – “Қызыл-Жар СҚ” ФК қақпашысы:

–  Қазір ауа райы суық. Мұндай жағдайда ойнау өте қиын. Салқын кездері доптың ұшу жылдамдығын, бағытын дұрыс есептей алмайсың. Голды абайсызда жіберіп алдық. Қарсылас ойыншының тепкен добы біздің футболшыға тиіп қақпаға кірді. Әйтпегенде 100 пайыз ұстайтын едім.

Бұл кездесуден соң жергілікті команда турнирлік кестеде 9-ші орынға түсті. Әзіргі құраманың қоржынында 32 ұпай бар. Енді, Қызылжар Қарасай стадиондағы келесі ойынды 31-ші қазан күні алматылық Қайратқа қарсы өткізеді.

Байболат  Култанов