Спорт

Теріскейлік ауыр атлеттер гір көтеруден өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды

Теріскейлік ауыр атлет гір көтеру спортынан 4 жыл бойы бұйырмаған алтынға қол жеткізді. Жерлесіміз жоғарғы санаттағы жүлдені қазанның 10-ы мен 15-сі аралығында Латвияда өткен әлем чемпионатда жеңіп алды. Жаһандық додаға 40 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы қатысқан болатын.

Біздің өңірімізден әлем чемпионатында 9 сом білекті атлет сынға түсті. Олардың барлығы жүлделі орындарға ие болып, еліміздің мерейін асқақтатты. Кәсіби спортшылар қатарынан Михаил Вологодский теңдессіз өнер көрсетіп, өз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ол 32 келі гір тасын 10 минуттың ішінде 72 рет көтеріп, Ресей мен Украина спортшыларын артта қалдырған.

Михаил Вологодский – гір көтеру спортынан әлем чемпионы:

– Мен 20 рет Қазақстан чемпионы атандым. Ешқашан жеңіліп көрген емеспін. Алайда, осы чемпионатта қарсыластарымыз мықты болды. Олар -Ресей, Украина және Финляндия елдерінің спортшылары. Соған қарамастан, өзімді сабырлы ұстап, қобалжуға жол берген жоқпын. Нәтижесінде жеңіске жеттім.

Байрақты додада өз күштерін ерлермен қатар нәзікжандылар да сынап көрді. Елена Костенко бұрын жарыстарда тек 16 келі гірді көтерсе, биылғы ереже бойынша оған 24 келіні еңсеруге тура келген. 58 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен нәзікжанды қола медальға ие болды.

Елена Костенко – гір көтеру спортынан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

– Іріктеу кезеңі осы жылдың маусым айында басталған болатын. Кейін чемпионатқа дайындалдым. Жарыс барысында біраз қателіктерге бой алдырдым. Келесі жылы бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаймын.

Енді жерлестеріміз осы жылдың желтоқсан айында Өскемен қаласында өтетін Қазақстан кубогына дайындалады. Айта кеткен жөн, кәсіби спортшылар арасында әуесқойлар да бақтарын сынады.

Молдир Макишева