Балалар

“Сити мол” сауда ойын-сауық орталығында қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Демалыс күндері “Сити мол” сауда ойын-сауық орталығында аутист балаларды қолдау мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Онда 12 жеке кәсіпкер өздерінің туындыларын саудаға шығарды. Сондай-ақ, тұрғындар ерекше балалардың қатысуымен өткен “Біз жеңеміз” фотосуреттер көрмесін тамашалай алды. Бұл шарадан түскен бар қаржажат “Мой ребенок” қоғамдық бірлестігіне тапсырылып, кейін балақайлардың ем-домына жұмсалмақшы.

“Біз жеңеміз” фотокөрмесінде жиналғандар назарына 16 туынды ұсынылған. А 4 форматиындағы суреттерде қаламыздың белгілі азаматтары, кәсіпкерлер, журналистер, спортшылар, мен қоғам белсенділері ерекше балалармен бірге бейнеленген. Балғындардың жүзінен жылулық пен қуаныш сезімін көруге болады. Қаламыздың танымал фотосуретшісі Ксения Шалькина бұл туындыларда балақайлардың осындай шынайы эмоцияларын шебер көрсете білген.

Ксения Шалькина – “Біз жеңеміз” фотокөрмесінің авторы:

– Мен қайырымдылық шараларына жиі қатысамын. Осы жолы да “Мой ребенок” бірлестігінің жетекшісі көмек сұраған кезде, бірден келістім. Себебі, бұл балалар жайлы жұртшылық білуі керек деп ойлаймын. Бәріміз хабардар болсақ, қоғам да, орта да қайырымды болары сөзсіз. Фототүсірілім тамыз айында өтті. Балақайлар өте мейірімді, олармен тез тіл табысып кеттім.

Ал, мына жерде жеке кәсіпкерлердің тауарлары жайғасқан. Бүгінгі жәрмеңкеге кондитерлер тәтті тағамдарын әкелсе, қолөнер шеберлері түрлі бұйымдарын жайған. Тіпті, қала тұрғындарының төмен бағамен киім-кешек сатып алатын мүмкіндіктері де болды. Сондай-ақ, кішкентай балақайлар қолдары мен беттеріне қынамен сурет салдыртты. Бұл жәрмеңкеден жиналған барлық қаражат ерекше балаларды оңалтуға жұмсалады. Сондықтан, тұрғындарымыз ұнаған заттарын сатып алып, шама-шарқынша көмек көрсетті. Жалпы, қайырымдылық жәрмеңкесіне 12 кәсіпкер қатысты.

Елена Чмель – “Мой ребенок” ҚБ жетекшісі:

– Бүгін қаламыздың жеке кәсіпкерлері өздерінің туындыларын сатып жатыр. Көмек сұраған уақытта барлығының бірден келісетіні қуантады. Жиналған қаражат балаларды оңалту процедураларына жұмсалады. Сондай-ақ, бір ай бұрын спорттық үйірме ашылған болатын. Бұл қаражаттың бір бөлігі осы үйірме өтетін орынды жалдауға жұмсалады. Жалпы, қазіргі таңда “Мой ребенок” қоғамдық бірлестігіне балалары аутизм дертіне шалдыққан 30 ата-ана ана мүшелік етеді.

Сондай-ақ, осы жерде жәрмеңке мен фотокөрмеге жиналған қауымға кішігірім концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жалпы, қайырымдылық жәрмеңкесінен 40 мың теңге жиналды.

Молдир Макишева