Спорт

Петропавлда “Саздағы ойындар” жарысы өтті

Петропавлда жол талғамайтын көлік жүргізушілерінің арасында “Саздағы ойындар” жарысы өтті. Дәстүрлі додаға қаламыздан бөлек Астана мен Көкшетаудан келген 30-ға жуық сайыскер қатысты. Олар 400 метр және 1 шақырымнан тұратын батпақты жерлерді жүріп өтіп шебер жүргізуші мен нағыз жол талғамайтын көліктерді анықтады.

Мынау – бүгінгі жарыстағы ерекше көліктердің бірі. Түрлі модельдердің бөлшектерінен құралған оның моторы мысалы, Ленд крузер прадодан алынған екен. Биыл бұл машина үшін бірінші маусым. Темір тұлпардың иесі сайысқа Астана қаласынан ат терлетіп келіпті.

Сергей Ушаков – жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– 2009 жылдан бері осындай жарыстарды Астана қаласында өзім ұйымтастырып келемін. Бұл жолы қатысушы ретінде Петропавлға келдім. Өзім экстримді жақсы көремін. Бүгінгі додада көлігім мені артта қалдырмайды деп ойлаймын. Бәріне сәттілік тілеймін.

Жалпы жарыс 3 кезеңнен тұрады. Біріншісінде жарысқа қатысушылар 400 метрді жүріп өтулері керек. Ал, келесі екі кезеңнің шарты бойынша барлығы 1 шақырымды бағындырулары тиіс. Бірақ бұл міндет жол талғамайтын темір тұлпарларға оңайға соқпады. Себебі бұл жерде жай трасса емес, саз-батпақты ой-шұқырлар. Бірінші айналымның өзінде батпақта тұрып қалғандар бар. Солардың бірі – Иван Уставалов. УАЗ көлігін тізгіндеген жүргізушінің бүгінгі жарыста жолы болмай қалды.

Иван Уставалов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Дөңгелектерім сазға кіріп кетті. Сол себепті шыға алмай, батып тұрып қалдым. Енді міне көлігімді шығарып, қазір жөндуге кірісемін. Дегенмен, бұл жарыс түрі маған ұнайды. “Саздағы ойындарға” екінші рет қатысудамын.

“Саздағы ойындар” биыл 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы 30-ға жуық жүргізуші бақтарын сынауда. Ауа райының суықтығына қарамастан, бүгінгі жарыстың көреремендері мен жанкүйерлері аз емес.

Василий Вражец – жарысты ұйымдастырушы:

– Бүгінгі ойындарға Астана және Көкшетаудан келген қонақтарымыз да қатысып жатыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Оған қоса, жыл сайын үміткерлер саны артып келеді. Жарыс жолы оңай емес. Сол себепті сайыс қызықты өтеді деген ойдамын.

Айта кеткен жөн, дода соңында үздік жол талғамайтын көлік иелеріне кубоктар мен сыйлықтар табысталды.

Дана  Ешкенова