ТЖ

Қазанның 19-ы құтқарушылар күні

Биыл еліміздің төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 23 жыл толып отыр. Бұл сала мамандары апат орнынан дер кезінде табылып, адам өмірін арашалап қалуда аянған емес. Кәсіби мерекеге орай Петропавлда салтанатты жиын өтті. Шарада қауіп-қатерге толы қызметте жоғары жетістіктерге жеткен бірқатар мамандар облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Алдымен мерекеге жиналғандар жергілікті өрт сөндіру және құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Апаттық жағдайлар орын алғанда сала мамандарының ешбірі арнайы техника мен құрал-жабдықтарсыз әрекет ете алмайды. Бұдан соң құтқарушылар күніне арналған салтанатты шараның ресми бөлігі басталды. Осыдан 23 жыл бұрын Елбасы елімізде төтенше жағдайлар қызметін құру туралы жарлыққа қол қойған еді. Сол уақыттан бастап ведомство техногендік және табиғи апаттардың залалын жою, өрттерді ауыздықтау, суға батқан адамдарды құтқару сынды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Шарада облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев құтқарушыларды өңір жетекшісінің атынан кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері кез-келген апатта жедел әрекет етіп, төтенше жағдайлардың көзін жояды. Бұл тапсырманы солтүстікқазақстандық құтқарушылар ойдағыдай атқарып келеді. Соңғы бірнеше жылда жергілікті департаментке жаңа техника мен арнайы құралдар алынды. Бұл шаруаның барлығы сіздердің сапалы жұмыс жасауларыңызға септеседі.

Осы күні қызметтік міндетін тиянақты атқарып, құтқару операцияларына қатысқан қызметкерлер түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Өзінің кәсіби мерекесінде 3-ші өрт сөндіру бөлімінің бастығы Болат Жұмажанов кеудесіне өртте көрсеткен қайсарлығы үшін төсбелгісін тағынды. Оның қауіп-қатерге толы қызметте жүргеніне 18 жыл. Құтқарушы қала нысандарында шарпыған қызыл жалынды ауыздықтау операцияларының барлығына дерлік қатысқан.

Болат Жұмажанов – 3-ші өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Ең бірінші қарауыл бастығы болғанымын, сонда Алтын Арман базары жанған болатын. Және Восход қонақ үйі күйген еді. Сол кезде қобалжығаным болар, барлық қабат жанып жатыр деп ойладым. Барлау өткізгеннен соң, өрт шыққан жерді таптық.

Салтанатты шарада қызметте көзге түскен 2 маман облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды. Қошеметке бөленген жерлесіміздің бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Руслан Ерденов. “Шынықсаң шымыр боларсың” демекші, өрт сөндіруші кәсіби қызметінен бөлек спортта да бірталай жетістіктерге жетіп үлгерген. Биыл ол Латвия республикасында гір көтеру спортынан өткен чемпионатқа қатысып, үздік үштікке ілігіпті.

Руслан Ерденов – СҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

– Бала кезімен құтқарушы болу арманым еді. Ата-анам менің таңдауыма қарсылық танытпай, керісінше қолдады. Жалпы құтқарушының физикалық дайындығы жоғары болуы тиіс. Бұл тұрғыда спортпен тұрақты түрде шұғылдану көмектеседі. Өрт кезінде қайғылы жағдайларды болдырмау сенің апат кезінде жылдам қимылдауыңа тікелей байланысты. Барша әріптестерімді осы мерекемен құттықтаймын.

Тағы жиында 5 өрт сөндіруші Ішкі Істер Министрінің бұйрығына сәйкес кезекті шендеріне ие болды. Ал шара соңында құтқарушылардың құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Бахыт Садвокасов