Балалар

Жастарға Елбасы жолдауы түсіндірілуде

Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана білу қажет. “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев студенттермен өткен кездесуде осындай кеңес берді. Тағы жиын барысында Елбасы жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау жайы да сөз болды.

Бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ артылған жүк ауыр. Себебі, бұл – өңірдегі жалғыз жоғарғы оқу орны. Бүгінде білім ордасында педагог, инженер, заңгер, есепші, журналист сынды ондаған мамандық иелері дайындалуда. Жылдан-жылға студенттермен қоса, ашылып жатқан бағдарламалардың да саны артып келеді. Бұған Елбасы ерекше көңіл бөледі. Өз жолдауынада Н.Назарбаев университеттердің рейтингі жаңа жүйе бойынша бағаланатынын атап өтті. Яғни, түлектердің білім ордасын аяқтағаннан кейін, жұмысқа орналасуы есепке алынады. Осылайша, қоғам сұранысын қанағаттандырмайтын бағдарламалар өз лицензияларынан айырылмақ. Алайда, бұл ретте жергілікті жоғарғы оқу орнына алаңдауға себеп жоқ.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

–  Биылғы жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы республика бойынша білім беру бағдарламаларының көрсеткішін әзірледі. Сонда біздің 19 мамандықтың сұранысқа ие екені анықталды. Әсіресе, машина жасау, информатика, шет тілі сынды 10 пән 1-ші орынды иеленді. Ал, үстіміздегі жылдан жоғары медицина мектебі өз жұмысын бастаған болатын. Қазір мұнда 113 жас білім алып жатса, 1-ші қарашадан бастап олардың саны тағы 150-ге артады.

Ал, жолдау жүктеген міндеттерді қалайша орындау қажет? Бұл сұрақтың жауабын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев жақсы біледі. Себебі, ол да кезінде елбасының 1998 жылғы үндеуі жарияланған соң, өмірін түбегейлі өзгертуді шешкен. Бүгінде өз тәжірибесімен білікті маман студенттермен бөлісуде. Айтуынша, ең бастысы – уақытында әрекет ету қажет. Бұл үшін мемлекет өз тарапынан мол мүмкіндіктер қарастыруда. Мәселен, жұмысқа тұрып, баспаналы болу үшін де бағдарламалары аз емес.

Талғат Қалиев – «Жастар» ҒЗО» ЖШС директоры:

–  Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың 80 пайызы олардың шынымен де ұтымды екенін айтып жатады. Алайда, кейбір жобалар жабылып қалады. Неліктен деген сұрақ туындайды. Оларды қолдайтын тұрғындар жоқ. Үкімет қаражат бөледі, бірақ адамдар оны пайдаға жаратпайды. Елбасы кезекті жолдауында барлық жоспарды айқындап берді. Сіздер мен біздер оны тек дұрыстап орындауымыз қажет. Сондықтан, маңызды құжатпен тағы бір мәрте жіті танысуға кеңес беремін.

Қолда бар мүмкіндікті пайдалана білетіндердің бірі – Сәлімхан Сәбитов. Азамат түрлі стартап жобаларды өткізіп алмауға тырысады. Кезекті байқауда ол – бірегей автомектеп ашу үшін 6 млн теңгенің грантын ұтып алған. Теріскейлік жас тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға көлік тізгіндеу мүмкіндігін сыйламақ. Сәлімхан Сәбитов идеясын Талғат Қалиевке мейманның өңір белсенділерімен өткен кездесуі барысында таныстырды.

Сәлімхат Сәбитов – «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы:

–  Қазіргі таңда алған 2 млн теңгеге бір автокөлік алдық. Ресейдің Челябі облысында машинаға құрылғы орнататын боламыз. Ол газ бен тежегіш рөлін атқаратын болады.

Кездесу өңірдің белсенді жастары үшін де пайдалы болды. Бүгінде облысымызда қоғамдық шаралардан шет қалмайтын 300-ден астам ерікті бар екен.

Балғын Қабжан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы өтетін форумға дайындық үстіндеміз. Бұдан бөлек, қарт адамдардың үйіне барып қолғабыс етеміз. Жуырда балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу ұйымдастырдық.

Жалпы, бүгінгі таңда облысымызда 125 мың шақты жас тұрып жатыр.

Эльмира Сәдуақасова