Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

Келесі жылдан округтiк сайлау комиссиялары жұмысын тоқтатпақ. Оның мүшелері аумақтық және учаскелік деңгейлеріне ауысады. Сайлау туралы заңдағы бұл өзгерістер жайлы жерлестерімізге орталық сайлау комиссиясының мүшелері айтты. Қазіргі таңда елордалық мамандар өңірлерге шығып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жаңа жылдан бастап түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау жүйесі және
сайлау органдарының құрылымы өзгереді. Бұл хабарды жерлестерімізге орталық сайлау комиссиясының мүшесі, СҚО-ның кураторы Ақылбек Ихданов жеткізді.

Ақылбек Ихданов – ҚР орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

– Жаңа жылдан бастап округтік сайлау комиссиялары болмайды. Тек орталық, аумақтық және учаскелік деңгейлері қалады.

Бүгінде ел бойынша сайлау комиссияларының мүшесі ретінде барлығы 90 мыңнан астам қазақстандық тіркелген. Округтік сайлау комиссияларының жабылуына байланысты, келесі жылы аталмыш органнның 20 мың мүшесі аумақтық және учаскелік комиссияларға ауыстырылады.

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Заңдағы толықтыруларға сәйкес, мәслихат депутаттарына үміткерлер партиялық тізім бойынша сайланады. Яғни, аудандық не қалалық мәслихаттардағы орындар, саяси ұйымдардың сайлауда жинаған дауыстарына қарай бөлінеді. Кейін мәслихат депутаттары белгілі бір себептерге байланысты мерзімінен бұрын орындарын босатса да, кандидаттар партиялық тізімдегі үміткерлердің арасынан алынады. Қайта сайлау өткізілмейді.

Қазіргі таңда заңның ескі нормалары аясында өңіріміздің 4 ауданында босаған депутаттық мандаттарға үміткерлерді қайта сайлау жүріп жатыр. Депутат болудан үміткер 12 теріскейліктің 4-еуі ғана партия мүшелері, қалғандары өзін-өзі ұсынушылар. Бұл шаруаға ел қазынасынан 8 млн теңге бөлініпті. Келесі жылдан сайлаудың мұндай түрі болмайды. Тиісінше, оған қаражат та шығындалмайды. Сонымен қатар, 2019 жылдан аумақтық сайлау комиссияларының екі мүшесі тұрақты қызметкер ретінде жұмысқа алынып, оларға ай сайын еңбекақы төленіп тұрмақ. Ал комиссиялардың басқа мүшелері тек сайлау кезінде ғана ұйымдастыру жұмыстарына тартылып, тиісінше жалақы алады.

Берік Қасен