МТРА жаңалықтары

Өңірде мемлекеттік кепілдікке байланысты жалған хабарлама тарап кетті

Күн сайын біздің ұялы телефонымызға көптеген смс-хабарламалар келетіні белгілі. Бірақ, олардың барлығына бірдей сене беруге болмайды. Мәселен, жақында ватсапп желісінде зейнеткерлерге төленетін мемлекеттік кепілдікке байланысты жалған хабарлама тараған болатын.

Осыған ұқсас ақпарат ватсапп және фейсбук желілерінде толып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, зейнеткерлерге инфляцияға байланысты мемлекет тарапынан өтемақы беріледі-міс. Алайда, “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ мамандары бұл ақпарат тек зейнеткерлік жасы жеткен жандарға ғана қатысты екенін айтып отыр.

Сәулеш Дүйсенбина – “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Зейнетақы қорының инвестициялық табысы инфляция деңгейінен төмен болған уақытта, осы айырмашылықты мемлекет төлейді. Бұл мемлекеттік кепілдік деп аталады. Ол тек зейнетке шыққан уақытта ғана бір рет беріледі. Табыс көзіне байланысты әр адамның зейнеткерлік жинағы әр түрлі болады. Соған орай мемлекеттік кепілдіктің мөлшерінде де айырмашылық орын алады. Егер инвестициялық табыс инфляция деңгейінен жоғары болса, тұрғындарға мемлекеттік кепілдік төленбейді.

Сондай-ақ, зейнетақы жарналары мен мемлекеттік кепілдік азаматтың 1-ші немесе 2-ші топтағы мүгедектігі болса, немесе Қазақстан тұрғындары шет елге тұрақты өмір сүру үшін көшетін жағдайда, беріледі. Қазіргі таңда құрметті демалысқа шыққан 3 мыңға жуық солтүстікқазақстандыққа зейнетақы қорының инвестициялық табысының төмен болуына байланысты мемлекеттік кепілдік төленіпті.

Молдир Макишева