Қоғам

Өңір статистері 9 айды қорытындылады

Өңір статистері 9 айды қорытындылады. Мамандардың айтуынша, барлық салаларда өсім бар. Облысымызда мал басы артып, тұрғындардың табысы жоғарылаған.

Өңіріміздегі басым салалардың бірі – ауыл шаруашылығында оң өзгерістер бар. Статистик мамандардың сөзінше, биылғы 9 айдың ішінде мал басы бірнеше процентке өсіпті.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Ірі қара мал басы 1,4% (369,7 мың бас), қой мен ешкі -2,4% (397 мың бас), шошқа -6,1% (202,9 мың бас), жылқы -4,3% өсті.

Құрылыс саласында да тұрақты өсім байқалады. Жыл басынан құрылыс жұмыстарының көлемі 57,5 млрд теңгені құраған.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Облыс аумағында халықпен және кәсіпорындармен үстіміздегі жылдың 9 айында жалпы ауданы 85 456 шаршы метр тұрғын үй енгізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,5% артық.

Ішкі жалпы өнімнің 25 проценті шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесінде. Ал аталған салада облыс халқының 34 проценті тұрақты түрде еңбектенеді.

Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 9 айдың ішінде бір солтүстікқазақстандық еңбеккердің айлық жалақысы да 7 процентке өсіп, 107 мың теңгені құрапты. Құрылысшылардың нәпақасы 28 процентке, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында сәйкесінше, жеті, сегіз процентке көтерілген. Алайда, тұрғындардың еңбекақысы өскенін саудагерлер мен алып-сатарлар да өз пайдаларына жаратуда.
Өңірімізде азық-түліктен басқа, ақылы қызметтер де қымбаттаған.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Жаңа піскен жемістерге 13,2% өсті. Сондай-ақ, ет, сүт өнімдерінің құны жоғарылады. Ақылы қызметтер тобы бойынша тарифтер су, кәрізге 8,5% өсті. Тарату желілері бойынша тасымалданатын газға – 6,6%, орталық жылуға -6,3%, электр энергиясына және ыстық су – 5,1% өсті.

Демографиялық ахуалға келсек, облыста 555 мың адам тіркелген, солардың 54 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Есептік мерзімде өңірімізден 5 мыңға жуық адам көшіп кетіпті. Жақсы тұрмыс іздегендердің дені Ресейге қоныс аударған.

Берік Қасен