МТРА жаңалықтары

Өңірге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келді

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы аймаққа іс-сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты. Мейман алдымен Қызылжар ауданының орталығына барды. Мұнда министр көшіп келген отбасылармен кездесіп, аудан активімен жиын өткізді. Кейін Петропавл қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен жүздесіп, Елбасы жолдауын талқылады.

Үйге келген меймандарды отағасы Ақжарқын Дәулет пен оның үлкен қызы қарсы алуда. Азаматтың зайыбы жергілікті жоғарғы оқу-орнында ұстаздық етеді екен. Нәзікжанды жуырда кітап шығарып, кіші ұлымен Алматы қаласына тұсаукесерге аттаныпты. Бұл отбасы теріскейге 2016 жылы Шымкент қаласынан қоныс аударған. Ақжарқын Дәулет мамандығы бойынша – дәрігер. Жаңа жерге келе салысымен, ол нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы 14 млн теңгеге несие алып, Петропавлда алғашқы шығыс медицинасының орталығын ашыпты.

Ақжарқын Дәулет – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Шығыс медицинасы бағытындағы қызметтерді ұсынамыз. Халыққа ұнап жатыр. Емделушілер көп келеді. Алдағы уақытта филиалдарымызды Ресейдің Омбы, Қорған қаласында ашпақ ойымыз бар.

Отбасы қазір Қызылжар ауданының орталығында 3 бөлмелі үйді жалға алып тұрып жатыр. Ай сайын 7 мың теңге көлемінде пәтерақы төлейді екен. Ал, 5 жылдан кейін жанұяның баспананы өз иелігіне аудару құқы бар.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Биыл 1200 адам келіп отыр. Ағымдағы жылы қоныс аударушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Үй салынатын болса, көшіп келушілерді көптеп қабылдар едік. Себебі, бізге жұмыс қолы керек.

Жалпы, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерді қабылдау бойынша көш бастап тұр. Олардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылады. Мәселен, түстіктен көшіп келген азаматтардың алтауы бүгінде «Ахмутдинов» жеке кәсіпкерлігінде еңбек етіп жүр. Бұл – өңірдегі алдыңғы қатарлы өндіріс ошақтарының бірі.

Кәсіпорын ағаш өнеркәсібімен айналысады. Атқарылып жатқан шаруамен танысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова оған өзінің оң бағасын берді. Себебі жергілікті өнімдерге деген сұраныс тек Қазақстанда ғана емес, алыс жақын шетелде де жоғары екен. Мұнда ағаштан шығарылатын тауар ассортименті мол. Кәсіпкер, тіпті, қалдықтан еуроотын да әзірлейді. Жалпы кәсіпорында 60-тан астам маман жұмыс істейді. Өндіріс ошағы жақын арада кеңейіп, еңбеккерлердің саны 100-ге дейін жетпек.

Сермұхамет Оралұлы- «Ахмутдинов» ЖК директоры:

– Біз өз жұмысшыларымызға толық әлеуметтік қоржын ұсынамыз. Күнделікті мамандар ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, жыл сайын 10-12 адамды шипажайға атандырамыз. Бұған қоса қазір баспана тұрғызып жатырмыз. Болашақта бұл пәтерлер 7-20-25 бағдарламасы бойынша жұмысшыларға берілсе деген ниеттемін. Бастапқы жарнаны төлеуге өзім көмектесер едім.

Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың қоныс аударушылар және оралмандармен өткен кездесуінде де сөз болды. Жиналғандарды мазалайтын сұрақ – тұрғын үй және жер учаскелерін алу жайы. Бұл ретте мейманның айтуынша алдағы уақытта өңірімізде қанатқақты жоба іске қосылмақ.

Мәдина Әбілқасымова – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Келесі жылы баспанамен қамтудың жаңа механизм іске қосылады. Өте қолжетімді. Үйді салуға 6 млн теңге бөлінбек. Баспананы 5 жыл ішінде сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қызылжар ауданының активімен өткен кездесуде министр еліміздегі өзекті сұрақтарды қозғады. Мейман әрбір салаға жіті тоқталып, Елбасы жолдауының аясында күтіп тұрған өзгерістерді сөз етті. Мәселен, енді республикалық ішкі жалпы өнімінің 10 пайызы денсаулық және білім беру жүйелеріне бөлінбек. Бұл қаражат аталған бағыттарды күшейтуге жұмсалып, мамандардың жалақысын арттыруды көздейді. Ал өңірімізде бүгінде 17 мыңдай педагог қызмет етіп жүр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

–  Университетті жаңа ғана тәмамдап жұмысқа орналасқан мұғалімдердің жалақысы 85-90 мыңның маңайында. Ал, категория мен еңбек өтілін қосқандағы ең жоғарғы айлық -170 мың теңге.

Өткір тұрған проблемалардың бірі – 3 ауысымды мектептер. Бұл туралы министр мұғалімдер мен ата-аналар қауымымен өткен кездесуде сөз етті. Бүгінде облысымызда 5 білім ошағының оқушылары 3 кезекпен оқиды екен. Мәселе алдағы уақытта өз шешімін таппақ. Қазір Петропавл мен Тайынша қалалары және Бескөл ауылында су жаңа мектептер тұрғызылып жатыр.

Ал күннің екінші жартысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Петропавл қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бас сұғып, мұндағы қызметкерлермен кездесу өткізді. Жиын барысында Мәдина Әбілқасымова елордадан жағымды жаңалық ала келгендігін айтты. Министр жаңа жылдан бастап Елбасы жолдауында айтылғандай мұндағы мамандардың жалақысы өседі деді.

Мәдина Әбілқасымова – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Еңбектеріңіз өлшеусіз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету оңай емес. Сондықтан, жалақы мөлшерінің артуы заңды деп ойлаймын. Елбасының тапсырмасына сай еңбекақы осы салада орта есеппен 30 пайызға жоғарылайды. Категорияларыңызға байланысты 19-дан 50 пайызға дейін артпақ.

Бұл жаңалық әрине орталық қызметкерлерінің құлағына майдай жақты. Елбасы жолдауынан соң қуанышқа кенелген мамандар тіпті жалақыларының қанша болатындығын да анықтап алды.

Анжелика Айбатова – Петропавл қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

– Елбасы жолдауын күллі ұжым болып тыңдадық. Бірнеше рет талқылап та үлгердік. Президент жалақының өсетіндігін айтты, ал бүгін министр келіп барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Шынымен де мүгедектермен жұмыс жасау оңай емес. Кей қызметкерлердің жалақысы төмен болатын. Енді, міне еңбекақы өсетін болды. Оған әрине қуаныштымыз.

Сондай-ақ, кездесуде ауылды дамыту мәселесі қаралды. Өйткені, биыл теріскейде 38 елді мекен қаңырап бос қалыпты. Тағы 100-ге жуығы алдағы уақытта солардың кейпін кимек.

Ауылдың жағдайы туралы Елбасының осы жолғы жолдауында қозғалды. Президент өз сөзінде болашағы бар елді мекендерге қолдау көрсету керектігін тілге тиек етті. Сол себепті, алдағы жылы өңірде әлеуеті жоғары деген ауылдарда 600 баспана салуға 3 млрд теңге бөлінеді. Тағы жергілікті инфрақұрылымды дамытуға қыруар қаржы қарастырылмақ. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. Жиын соңында Мәдина Әбілқасымова Үкімет Елбасы жолдауын жүзеге асыру бағытында кешенді жоспар әзірлегендігін айтты.

Эльмира Садвокасова, Магжан Ахмадина