Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Әділет Министрінің орынбасары жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды

Теріскейге республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері келді. Олар жолдау жүктеген міндеттер аясында кәсіпкерлердің салық жүктемесін азайтып, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту және бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру амалдарын ұсынып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Осы күндері Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауы еліміздің барлық өңірлерінде қызу талқыланып жатыр. Маңызды құжат бірінші кезекте отандастарымыздың тұрмыс деңгейін көтеріп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Аудан активі алдында сөз алған республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі, әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова, жолдау жүктеген міндеттерге тоқталып, оның аясында әділет органдарында орын алған соңғы өзгерістерді баяндады.

Эльвира Әзімова – ҚР Әділет Министрінің орынбасары:

– Бұрындары заңды тұлғаларды мемлекеттік органдарда тіркеу – бірнеше айға созылатын ұзақ үрдіс еді. Қазір қазақстандықтардың жеке тұлға ретінде тіркелуі – 1 сағаттық жұмысқа айналды. Осы қызметті алу кезінде тұрғынға бірден банктен жеке есеп-шот ашылып, сақтандыру келісімшартын рәсімдеу бірге жүзеге асады. Бұл іскер азаматтар мен азаматшалардың уақытын зая кетірмеуге сеп болды.

Бұдан бөлек, Әділет Министрлігі былтырдан бері орталық аппарат пен 14 облыстағы аумақтық департаменттерде штаттық қызметкерлер санын реттеп отыратын пилоттық жобаны іске қосыпты. Осы арқылы министрлік жүктелімі аз қызметкерлерді жұмыс ауқымы көп орындарға жолдап отыруға мүмкіндік алған. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасы әжептәуір жақсарған екен.

Эльвира Әзімова – ҚР Әділет Министрінің орынбасары:

– Біздің аппарат жылжымайтын мүлікті біріңғай жүйеге есепке қойып не болмаса шығару мен заңды тұлғаларды тіркеу сынды қызмет түрлерін мемлекеттік корпорацияға жүктеді. Жалпы халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарға әділет органдарына қатысты 60 мемлекеттік қызмет түрін ұсынып отыр. Оның 40-ы электрондық үлгіде көрсетіледі.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру, ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту. Осы тапсырмаларды орындау үшін Үкімет жол картасын құрып, шаруаға кірісіп кеткен. Әділет органдары жолдауда айқындалған жоспардың заңды тұрғыда орындалуын да қадағаламақ. Соның біріне тоқталсақ, келер жылдың жазында халық қалаулылары “мұғалім мәртебесі туралы” заңды қабылдаулары тиіс.

Эльвира Әзімова – ҚР Әділет Министрінің орынбасары:

– Бұл заң ұстаздардың беделін арттырып, қызмет барысын нақтылап береді. Жоба аясындағы алғашқы жұмыстарды Білім және ғылым министрлігі бастап та кетті. Ал біз өз тарапымыздан құжат тармақтарының заңдық тұрғыда орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз.

Кейін аудан мұғалімдері мен кәсіпкерлер маңызды құжатқа қатысты пікірлерімен бөлісіп, өз ойларын жеткізді. Шара соңында министрлік өкілі аудан активіне жолдаудың мән-маңызын өзге есілдіктерге де жіті түсіндіру керектігін қаперге салды.

Бахыт Садвокасов